BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Көшпелі көрмені бір жылда 350 мыңнан астам қазақстандық тамашалады

Фото: Автор

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеге «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылуымен тұспа-тұс келді. Салтанатты шараға ҚР Тұңғыш Президенті Кеңсесінің бастығы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының көрме жобасы Ақтөбеге жетті. «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі бүгін Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылды. Көрме Президенттің тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлінен сыр шертеді. 5 бөлімнен тұрады. Онда президенттің жоғары мемлекеттік наградалар жинағы, мемлекет басшылары мен қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар қойылды. Ақтөбе - көшпелі көрме келген төртінші өңір.

«Елбасы кітапханасында қайталанбас, бірегей қор жинағы қалыптасты. 20 жылдан бері алғаш рет үлкен көрмемен өңірлерді аралауды бастадық. Біраз тақырыпты игеруге тырыстық. «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында 1997 жылдан бастап, бүгінге дейін Президенттің алған марапаттары көрсетілген. Топтама ерекше. Әлемнің мәдениетін, тарихын таныстыратындай құнды жәдігерлер орналасқан. «Елбасы жолы» бөлімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Кеңес дәуірінде тұлға, саясаткер ретінде, тәуелсіз мемлекеттің қалыптастырушысы ретінде әлемге танымал»,-деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева.

Көшпелі көрмеде «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімдері бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем мемлекеттері басшыларынан алған марапаттары қойылған. Материалдардың барлығы түпнұсқа. Көрмедегі «Ақ киіз» инсталляциясы маңызды рөл атқарады.

Елбасының ұлықтау рәсімінде пайдаланылған ақ киіз, анты, «Алтын қыран» марапаты да осында. Көшпелі көрме жобасы аясында алғаш рет ақтөбеліктер үшін арнайы зал ұйымдастырылған.

«Арнайы зал өзге өңірлерде болмады. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Бүкіл әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде танылды. Бұл бөлімде Елбасына берілген марапаттар қойылған. Ақтөбе өңірі Астананың 20 жылдығына орай осы тақырыпта ерекше сый жасады ғой. Сондықтан, осы бөлімді арнайы алып келдік. Көшпелі көрмеде 800 астам экспозиция орналасқан. Жәдігерлер, құжаттар мен кітаптар топтамасы бар»,-деді Күлайша Ақтаева.

ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында аймақта ашылған «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиетінде «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» оқу залы ашылды.

Оқу орнының кітапханасына Елбасы кітапханасы атынан 350-ден астам кітап тарту етілді.

1990-2016 жылдар аралығындағы Елбасының қызмет хроникасы, ресми биографиясы, мемлекет басшысы туралы отандық, шетел авторларының кітаптары бар.

«Көшпелі көрме былтыр қарашада Алматыдан басталды. Ол кезде 2 ай ішінде 85 мың алматылық аралап көрген. Кейін қазіргі Түркістан облысына, жуырда Атырауға бардық. 1 жарым айда 114 мың халық көрмені тамашалаған»,-деді ҚР Президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков.

Көшпелі көрме 20 қаңтарға дейін жалғасады. Ақтөбеліктер тегін тамашалай алады.

Фото: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер