BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Қорғалжын қорығын дамыту қолға алынбақ

Көз тартарлық табиғаты, бай жануарлар әлемі бар Қорғалжын қорығында тарихи-мәдени туризмді дамыту қолға алынбақшы. Бұл туралы Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қорықта құстардың 300 түрі мекендейді. Оның ішінде 30 құс Қызыл Кітапқа енгізілген. Өңірдегі тарихи нысандарды насихаттауға арналған «Қоқиқаз» фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Соның арқасында жарнамалық жұмыстар жолға қойылуда. Облыс әкімінің бастамасымен ашылған туристік ақпараттық орталықтың қызметкерлері әлеуметтік желілерге өңірдің әсем жерлерін насихаттап, туристерді көптеп тартуға ықпал етіп отыр. Қазір мобильдік қосымшалар, ақпараттық терминалдар жасалуда.
2011 жылдан бері ауданда туризм жөніндегі осындай ақпараттық ақпараттық орталық жұмыс істеуде. Орталықтан келуші қонақтар қай жерде демалып, не көріп, не қызықтауға болатыны жайында мағлұмат ала алады.

«Құстарды үркітіп алмау мақсатында қорық аумағына қонақ үйлер, сауықтыру орталықтарын, дәмханаларды салуға жер берілмейді. Қазір сол аумақтағы ауылдарда қаңырап бос тұрған баспаналар жөнделіп, барлық коммуникациялық желілер тартылған қонақ күту үйлері жасалуда. Ауыл тұрғындарына шетелдік туристерді қарсы алып, оларға әлемдік деңгейде қонақжайлылық таныту жолдары үйретіліп жатыр. Оған машықтанып алған қорғалжындықтар қатары өсіп келеді. Туризм саласын дамытуға қатысты жәрмеңкелер, аспазшылар байқауы, жарнамалық турлар, қайырымдылық велошеруі, жаяу, аттылы, көлдегі маршруттар, яхташылардың басын қосатын регата, баспасөз турлары жиі өткізіледі»,–дейді Шынарбек Батырханов.

Қорықшылардың айтуынша, бір маусымда 20-30 мың қоқиқаз Қорғалжын көлдерін паналайды екен. Қорғалжын қорығының атын әлемге жайған құс падишасы – қоқиқаздарды сонау Африкадан бұл өңірге тартып жатқан құдірет – Теңіз көлі. Оның құрамындағы тұздың мөлшері теңіз суының тұздылығынан бес-алты есе асып түседі. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстіктегі жалғыз мекені.

Қорғалжын өңірінде туризмнің дамуына мол мүмкіндік бар. «Қызыл кітапқа» енген қоқиқаздар, сайын даласында жортқан аңдар жаһандық туристерді қызықтыра алады. Десек те, туристерді табиғат тамашасы қаншалықты баурағанымен, экологиялық таза тамақ, жайлы жатын орын, спорттық кешендер талапқа сай болуы қажет.

Басқама басшысының айтуынша, саяхатшыларды өңірге тарту үшін әлі де жұмыс көп істеу керек.

«Жол бойына дәмханалар салатын жеке кәсіп иелері дәретхана мәселесіне назар аудармайды. Ал бұл міндеттелуі тиіс. Жолда тоқтап, тамақтанғысы келетін туристерге осындай қарапайым сервис түрін көрсете алмасақ, бізге сын. Сонымен қатар көлігі істен шыққан жағдайда жөндеп алатын станциялар, ауыра қалса дәрі сатып алатын дәріханалар, намазхандарға арналған жеке бөлмелер халықаралық стандарт бойынша міндетті түрде болуы керек. Бұл жұмыстар – алдағы уақыттың еншісінде»,–дейді Ш.Батырханов.

Өңірде туризмді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға қазынадан 49,7 миллиард теңге бөлінген. Оның 12 миллиарды осы кезге дейін игерілген. Облыс бойынша қазір 296 шипажайлар мен сауықтыру орталықтары, 68 туристік фирмалар, 420 жол бойында ашылған дәмханалар мен қонақ үйлер жұмыс істеп тұр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер