BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Көлік жарылысынан зардап шеккен үш адамның екеуі көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбедегі өндірістік аймақта болған көлік жарылысынан зардап шеккен екі адам көз жұмды. Алған жарақатының ауырлығынан 55 жастағы Зибагүл Тюменбаева бүгін таңда көз жұмды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтық тілшісі.

Ақтөбе қаласының маңындағы өндірістік аймақта жанар-жағармай таситын көлік жарылысынан зардап шеккен үш адамның екеуі көз жұмды. Зибагүл Тюменбаева мен Серікбай Палванов Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде бір апта ем қабылдады. Алайда, алған жарақаттарының ауырлығынан 30 жастағы ер адам 15-қыркүйекте кешке, 55 жастағы Зибагүл Тюменбаева бүгін таңда көз жұмды.

«Өкінішке қарай, 10 қыркүйекте жансақтау бөліміне түскен екі науқастың екеуі де қайтыс болды. Ер адам 60-70, әйел адам 80 пайыздан жоғары күйік алған. Мұндай пайыздық күйікпен түскен науқастардың жағдайы ауыр болады. Олардың тек терілері ғана емес, тыныс алу жүйелері де зақымданған», - деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.

Екеуі де термикалық күйік алған. Науқастар ауруханаға түскеннен кейін Астанадан санавиациямен арнайы мамандар келген. Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасағанымен аман алып қала алмаған.

«Науқастарды Астанаға алып кету туралы мәселе көтерілген жоқ. Себебі, екеуі де аппаратта жатты. Жағдайлары өте ауыр болды. Біздің дәрігерлер де, Астанадан келгендер де көмектесуге тырысты. Мұнда ем алатын барлық жағдай болды»,-деді Сәкен Қапанов.

Зибагүл Тюменбаева мен Серікбай Палвановтың мүрделері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Ал, үшінші науқас Болат Сәрсенов әлі ауруханада. Бас дәрігердің сөзінше, қазір жағдайы жақсы. Жүріп жүр. Толық ем қабылдап жатыр. Күйік жаралары жазылса жуырда үйіне шығарады.

Есетеріңізге салайық, төтенше жағдай 10-қыркүйекте «Sinooil» компаниясының жанар-жағармай сақтау қоймасында болды. Қазір арнайы комиссия құрылып, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті айналысып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер