BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Көкшетаулық кәсіпкерлер балабақшаларды жаңартуға көмек көрсетуде

Фото: trufaldinoclub.ru

Көкшетаулық кәсіпкерлер күрделі жөндеуді қажет ететін балабақшаларды жаңартуға көмек көрсетуде. Қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қайта жаңғыртылған «Аққу» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін ашты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Күрделі жөндеуден өткен ерекше үлгідегі мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңа оқу жылында бүлдіршіндерге лайықты тарту болып отыр.

«Мемлекет пен кәсіпкердің ортақ мүддеге бірлесе әрекет жасауы – қаламыздағы балдырғандардың балабақшамен қамтылуына ықпал етуде. Көкшетауда бұдан бөлек 6 балабақшамен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша келісімшарт жасалуда», - дейді Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев.

Мердігер компания "Дельта-пв" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың күрделі жөндеуіне 150 миллион теңге қаражат жұмсаған.

«Жиһаздар жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Мысалы, балдырғандарға арналған төсек жаймаларын зағиптар қоғамының қызметкерлері тіккен болса, жиһаздарды жергілікті кәсіпорын құрастырды. Ғимаратта электр желісі, сантехника, кафельдер, блоктар, бассейн жаңартылып, ғимарат маңайы абаттандырылды», - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

Бөбекжайдың ауласынан бастап көзге оттай басылған жинақылық ғимараттың әр бөлмесінен орын алған.

«Мұнда балғындардың физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту мен сақтауға арналған жағдай жасалған. Жүзу бассейні, спорт залы, асхана, компьютер сыныбы, акт залы балдырғандардың игілігіне жұмыс істеп тұр. Балалар денсаулығына пайдалы тұз шахтасы да орналасқан», - дейді Б.Жүсіпов.

Осыдан 27 жыл бұрын тәуелсіз ел бүлдіршіндеріне есігін айқара ашқан 330 орындық балабақша көз алдыңызға ертегідегі ғажайып сарайларды елестетеді. Ғимарат маңайы дизайны ерекше шамдармен жарықтандырылған.

«Мұндай кешен бұрынғы Кеңес Одағы тұсында Рига мен Санкт-Петербургта ғана болған. Қопа көлінің жағалауына жақын жерден орын тепкен қайталанбас бірегей туындыны №2 Көкшетау құрылыс тресі тұрғызды. Балабақша жел электр станциясымен жабдықталды.1991 жылы бірегей кешенде Германия, Англия, АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің арнайы делегациялары, кәсіпкерлер, Уокешо қаласының тұрғындары болды. Тәуелсіздікпен құрдас ғимараттың биыл күрделі жөндеуден өтіп, жаңарғаны баршамызды қуантты», - дейді балабақша жетекшісі Айнагүл Бейсенова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер