BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Көкшетаудағы тігін фабрикасына кәсіби мамандар жетіспейді

Фото: Автор

Көкшетаудағы «Диас» тігін фабрикасының шығарған өнімі тек отандық нарыққа ғана емес, сонымен қатар ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып үлгерді. Алайда кәсіпорында кәсіби тігіншілер жетіспей отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Қазіргі уақытта тігін фабрикасында 120 адам еңбек етуде. Жуырда өндіріс орны жаңа технологиялармен жабдықталған. Соның арқасында тігілетін киімдер компьютер көмегімен өлшеніп, пішіледі.

«Фабрика кез келген киім-кешекті тігуге қабілетті. Басты мақсат – жұмыс орындарын сақтап, ұжымның тұрақты түрде жалақы алуы»,– дейді кәсіпорын директоры Хасен Қажыбаев.

Кәсіпорында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу орталықтары жұмыс істеуде. Мұнда тыңдаушылар «Тігін өндірісі және киім дизайны» мамандықтары бойынша арнайы курстан өтеді. «Диас» оқу орталығында 15 азамат білім алуда. Оқу бағдарламасы қысқа мерзімді. Әзірге 30 күнге есептелген, алдағы уақытта 3 ай мерзімге ұзарту көзделуде.

«Мұндағы тыңдаушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Колледжден соң, декреттік демалыстан кейін келіп жатқан қыз-келіншектер бар. Еңбек өтілі бар кәсіби мамандар да оқып жатыр. Келушілердің бірі біліктілігін арттыру, енді бірі басқа мамандық алуды көздеп келген. Оқу курсының соңында емтихан алынып, сертификаттар беріледі. Курс қысқа мерзімді болғандықтан, бағдарламаны толық игеріп үлгеру қажет. Колледждегідей күніне үш сабақтан болады. Теория мен практика ұштастырылады. Қосымша дайындық алуларына да мүмкіндік бар. Мұның өзі олардың қосымша табыс табуына жол ашады»,– дейді «Диас» кәсіпорнының оқытушы Анжелика Кузнецова.

Бағдарлама қарапайым адамдар үшін тиімді. Мамандар бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң ықпал ететіндігін айтады.

«Біз алдымен тұрғындардың оқуға сұранысын зерттеп алып, оқу орталықтарына жібереміз. Тыңдаушылар ай сайын 17 мың теңге көлемінде стипендия алады», – дейді Көкшетау қаласының жұмыспен қамту бөлімінің жетекшісі Индира Айсина.

Кәсіпорын «Роснефть» компаниясынан ірі көлемді тапсырыс алған. Алайда, кәсіби маман жетіспеушілігінен кәсіпорын өз қуатын толық пайдалана алмай отыр. Қазіргі уақытта фабрика 80-нен аса бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

«Технология толығымен жаңартылды. Тапсырыс көп, алайда кәсіпорында кәсіби тігіншілер жетіспейді», - дейді кәсіпорын директоры Хасен Қажыбаев.

Жыл сайын тігіншілік мамандығын бітіретін түлектердің кәсіпорынға жұмысқа қабылданбау, мамандар оқу орнын бітірген түлектердің қалада тұрақты жұмысқа қалмау себептерін баспананың жоқтығымен түсіндірді.

«Кәсіпорынға жұмысқа орналасу үшін алдымен өндірістік тәжірибеден өту керек. Колледж түлектерінің 75 пайызының материалдық жағдайы төмен. Жолақы, тамаққа кететін шығынды есептемегенде, тәжірибесіз жас маманға төленетін жалақы да мардымсыз. Жастарды тарту үшін кәсіпорын басшылығы жатақхана салып, тегін автобус жүргізіп, тіпті асхана ашу мәселесін де қолға алу қажет», - дейді №1 сервистік-техникалық колледжінің директоры Любовь Дробышева.

Үш айлық өндірістік тәжірибеден өткен 13 адамның 2-уі ғана жұмысқа тұрған. Осында жуырда жұмысқа орналасқан тігіншілер жалақы мөлшері 17-20 мың теңге аралығында екенін айтты. Ал кәсіпорын директоры тәжірибелі тігіншілердің жалақысы әлдеқайда жоғары екенін алға тартады.

«Жалақы жұмыс көлеміне байланысты төленеді. Орташа айлық 90 мың теңгені құрайды. Тәжірибелі тігіншілер 150 мың теңгеге дейін жалақы алады», - дейді Хасен Қажыбаев.

Қала басшылығы кәсіпорынды жұмысшы кадрлармен қамту мәселесін шешуге колледж директорлары, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерін жұмылдырмақшы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер