Көкшетау мектептері ІT мамандарын даярлауды қолға алды - Аймақ|14 Мамыр 2018, 20:36
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.87 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 410.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Көкшетау мектептері ІT мамандарын даярлауды қолға алды

Фото: Автор

Көкшетауда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған ІТ орталықтарда жастарға бағдарламалау және робот техникасының негіздері үйретілетін болады. Бұл туралы өңірге арнайы сапармен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

«Нұр Отан» партиясының цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алды. Өңірде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясында партияның балаларға бағдарламалау негіздерін оқытатын тегін ІТ-сыныптар ашу жобасы бойынша арнайы сынып жұмыс істеуде. Сол арқылы оқушылар «Pascal», Java»,«PhP», «Delph» сияқты бағдарламалау тілдері мен робот техникасы жайында тереңдетілген білім алуға мүмкіндік алып отыр. Оған қажетті жағдай да жасалған.

«Өткен жылы мектеп базасында «Бағдарламалау» үйірмесі ашылып, оқушылардың ІТ технология, 3D модельдеу сияқты жаңа инновациялық бағытта білім алуына жол ашылған. Нәтижесінде мектеп оқушылары түрлі инновациялық жобалар байқауында топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде көкшетаулық мектеп оқушылары кеңінен қолданатын, 9, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына арналған веб-сайтты да дәл осы мектеп-гимназияның жас өнертапқыштары ойлап тапты», - дейді білім ордасының директоры Айнагүл Балташева.

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде партияның ІТ-мамандар даярлау жобасы аясында арнайы орталық ашылып отыр. Мұнда жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жергілікті азаматтар бағдарламалау негіздері бойынша білім алады. Нақты айтқанда, олар «Java», «PhP», «Delphi», «C++3D»,«Max3D», «Studio», «MaxFoxPro» және «Corell3» бағдарламалары бойынша жан-жақты білім алып, осы салада өз бетінше жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде үйренеді.

«Халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, жастарды бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға бағытталған бұл жоба бойынша елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады деп жоспарлануда», - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Партиялық жобалардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру бастамасы да бар.

Аталған бағытта М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында коворкинг орталығы ашылып, келушілердің кітап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткізуіне қолайлы жағдай жасалған. Яғни, топпен немесе жеке жұмыс істеуге арнайы орындар қарастырылған, тегін Wi-Fi орнатылып, қажетті техникамен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда «Мобильді кітапхана» интерактивті оқу залы жұмыс істейді.

«Жоба аясында 94 әлеуметтік-мәдени және инфрақұрылымдық кіші жоба қолға алынған. Өткен 2017 жылы кітапхана тарапынан жалпы сомасы 298 миллион теңгені құрайтын 42 жоба сәтті жүзеге асырылғанын да атап өткен жөн. Одан бөлек, ауылдық кітапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кітапхана – білім мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс істейді. Бүгінде қорда 361 036 кітап бар. Оның ішінде 122 215 кітап цифрландырылған», - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева.

Партия төрағасының бірінші орынбасары партиялық жобалардың маңызы туралы айтып, оларды өңірлерде жүзеге асырудың берері мол екеніне тоқталды.

«Партияның бастамасымен еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алатын болады. Ақмола облысындағы игі бастамалар соның жемісі. Алдағы уақытта да партия қазақстандықтардың заман талаптарына бейімделген, инновациялық жетістіктерді еркін меңгерген, ІТ саласында бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бастаған жұмыстарын лайықты жалғастырады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер