BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 339.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.64 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.3
Астана:

Қызылжарда көктайғақ кесірінен жарақат алғандар көбейді

Фото: Автор

Петропавлда 4 күнде 474 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Бұл әдеттегі мөлшерден 4 есе көп. Көктайғақтың салдарынан дәрігерлер күніне орта есеппен 120 адам қабылдап, ем-дом шараларын жүргізеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Жәбірленушілердің басым бөлігі көшеде құлап, денсаулығына зақым тигізгендер. Олардың арасында жол-көлік оқиғасы кезінде жарақат алғандар да бар. Жұмабике Әйтенқызы таңертең №4 емханаға сараптамаға қан тапсырыуға барып, ауруханадан бір-ақ шығыпты.

«Көктайғақта балалар ауруханаға жібергісі келмеп еді, сөздеріне құлақ аспай үйден шығып кеттім. Абайсызда құлап, аяғымды сындырып алдым. Енді, міне, 77 жасымда аяғыма гипс таңылды. Енді біраз уақыт емін-еркін жүре алмаймын», - деп күйінді зейнеткер.

Петропавл тұрғындары коммуналдық қызметтерге өкпелі. Көшедегі көктайғақ мұз айдынын еріксіз еске түсіреді.

«Екі балам балабақшаға барады. Таңертең балабақшаға, кешке үйге әзер жетеміз. Діттеген жерге барғанша балаларым бірнеше рет құлайды. Кішкентай болған соң, аса ауырсынбайды. Төлеп жатқан салық қайда кетіп жатыр? Жолдарға не тұз, не құм төселмейді. Көктайғақты жою үшін ештеңе істеліп жатқан жоқ», - дейді екі баланың анасы Зинаида Уваисова.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны Шәрипа Ахметқызы да ойламаған жерден тайып құлап, жарақат алған.

«Есік алдына резеңке аяқ киіммен шығып, шыққан бойда құладым. 5 минуттай тұра алмай жаттым. Сосын қар жатқан жерге қарай еңбектеп шығып, Әрең дегенде өзімді-өзім көтеріп, тұрдым. Аяғым сынса, жүргізбейді ғой, сондықтан жай жарақат екенін сездім. Үйде балалар болмағанда дәрігерге жете алмас едім», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Шәрипа Ахметқызы.

Дәрігерлердің айтуынша, көктемнің алғашқы күндері жарақат алып, ауруханаға түскендер саны күрт көбейген. Айталық, өткен демалыста, яғни наурыздың 7-сі мен 11-і аралығында жарақат бөліміне 474 адам түскен. Олардың басым бөлігі егде жастағы тұрғындар.

«4 күнде көшеде жарақат алған 350 адамға жәрдем бердік. Мәселен жай күндері көмекке жүгінетіндер саны 40-50 адам болса, осы күндері 90-нан асып кетті. Тіпті 122 адамға дейін жетті. Қол-аяқтарын шығарып, сындырып алғандар да бар. 14 адамды ауруханаға жатқызып, оның бірнешеуіне шұғыл түрде ота жасауға тура келді», - дейді Петропавл қалалық №3 аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Петропавл көшелерінде көктайғақтан аяқ алып жүру қиын, сондықтан медицина мамандары жолда сақ болуға және егде жастағы адамдарға көшеге жалғыз шықпауға кеңес береді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер