BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Қызылжарда баспасөз брифингі бірінші рет мемлекеттік тілде өтті

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналиновтың қатысуымен кезекті баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Өткен жылдың қорытындысы шығарылып, алда тұрған міндеттер сараланған жиын бастан-аяқ қазақ тілінде өтті. Тек ресми тілде оқылатын баяндамаларды тыңдап, құлағы жауыр болған журналистер қауымы үшін бұл күтпеген жаңалық болды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс екенін айтқан болатын. Президенттің тапсырмасы Парламент пен Үкіметке қарата айтылғанымен, жергілікті жерлерде де жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов баяндамасын қазақ тілінде дайындап әкеліпті және журналистердің қойған сауалдарына да түгел қазақша ғана жауап берді.

«Мемлекеттік кіріс органдарының тиімді қызмет көрсеткіштерінің бірі – салықтар мен басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдер түсімінің өсу қарқынын қамтамасыз ету. Мәселен, 2017 жылға арналған болжамды жоспар орындалды, жиналған салықтар мен төлемдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,1 млрд. теңгеге артып, өсу қарқыны 112,6 пайызды құрады. Өткен жылы 1 мыңнан астам салықтық тексерулер жүргізіліпті. Нәтижесінде қазынаға 2 млрд теңгеден астам қосымша салық есептелінген, соның 457,4 млн теңгесі өндіріп алынған», - деді Данияр Еренғалиұлы.

Департамент басшысы алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 6 қылмыстық іс сотқа жіберілгенін хабарлады. Жалпы 2017 жылы заңсыз айналымнан барлығы 1 млн 306 мың бірлік алкоголь өнімі тәркіленген. Контрафактілік дискілер және жалған ақша белгілерін өндіру цехтары да анықталыпты.

«2 000-нан астам контрафактілік дискілер тәркіленді, қылмыстық істер сотқа жіберілді, контрафактілік дискілер жойылды. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында 3 қылмыстық іс сотқа жолданды, 8,4 млн. теңгенің 76,5 тонна битум өнімі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша келтірілген зиян сомасы 1,6 млрд. теңгені құрады, соның 127,7 млн. теңгесі өндірілді, тұтқындалған мүлік сомасы – 1,6 млрд. теңге», – деді ол.

Баспасөз мәслихатында облыстың сыртқы сауда айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артып, 400 млн. АҚШ долларын құрағаны айтылды. Сауда айналымы үлесінің 81 пайызы экспорт, ал импорт көлемі – 19 пайыз. Данияр Жаналинов департаменттегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алуға бағдарланған жұмыстар жайына да тоқталды.

«Бүгінгі брифингке барып, риза болдым. Жиын бастан-аяқ қазақ тілінде өтті. Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Данияр Жаналинов баяндамасын да, тілшілердің сұрақтарына да мемлекеттік тілде жауап берді. Әдетте үш сөйлем қазақша, кейін 30 минут орысша болатын жиындарға үйреніп қалыппыз. Жалпы "Аюға намаз үйреткен – таяқ" дейді ғой. Елбасы қамшылағасын тілді үйреніп жатыр. Ал, Данияр Жаналинов мырза жарады, бірінші рет брифинг мемлекеттік тілде өтті. Қалған жетекші, басшылар осы жолдан таймаса екен», - дейді «Qyzyljar» облыстық телеарнасының редакторы Гүлнәр Сайлауқызы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер