BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Қызылжар су» мекемесі борышкерлердің кәріз жүйесін бітеп тастады

Фото: ZhambylNews.kz

Петропавл тұрғындары қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қызылжар су» серіктестігіне төлейтін коммуналдық қарызы 10 миллион теңгеден асып кеткен. Компания борышын өндіріп алу мақсатында берешегін өтемейтін тұрғындардың кәріз жүйесін жаппай бітеп жатыр, деп хабарлайды «Baq.kz» аймақтағы тілшісі.

Түрлі ескертулер мен түбіртектер нәтиже бермеген соң, «Қызылжар су» ЖШС осындай әдіске көшкен. Көп уақыттан бері коммуналдық қызмет төлемін өтемей жүрген тұрғындардың пәтерінде «крот» арнайы аппаратының көмегімен кәріз жүйесі жабылады. Осы амалдың арқасында жыл басынан бері компания өз тұтынушыларынан 5 миллион теңге қарызын өндіріп алған.

«Борышкерлердің пәтерінің кәріз құбырларына бейнекамералардың көмегімен арнайы аппарат орнатамыз. Ол құбырды бітеп тастайды. Мұндай пәтердің тұрғындары суды пайдалана алады, ал кәріз жүйесін қолдану мүмкіндігінен айрылады. Амалы құрыған соң, ебін тауып, қарызын өтейді. Бұл жүйенің пайдасын көре бастадық», - дейді «Қызылжар су» ЖШС бас маманы Бауыржан Тәжин.

«Қызылжар су» серіктестігі өткен жылы кәріз жүйесін жабуға арналған екі аппарат сатып алған. Осы уақытқа дейін құрылғы өз құнын еселеп өтепті. Өйткені коммуналдық қызмет ақысын төлемей жүрген тұтынушылар үйіндегі кәріз жүйесі бітелген кезде қарыздарын төлеп ітіруге асығады. Бірақ, мұндай шара борышкерлердің бәріне бірдей қолданыла бермейді.

«Тұтынушылардың қарыз мөлшері 10 миллион теңгеден асып кетті. Бұл көрсеткіш ай сайын өзгеріп тұрады. Борышкерлерден қарызымызды өндіру үшін түрлі шара қолданамыз. Алдымен ескерту жасаймыз, оны елемесе, сотқа береміз. 3 айдан астам уақыт бойы қарызын төлемей жүргендерге «крот» аппатарын қолданамыз», - дейді «Қызылжар су» ЖШС тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы.

Қазір Петропавлдағы борышы ең көп тұтынушының қарыз сомасы 200 мың теңгеден асып кеткен. 2017 жылдан бері «Қызылжар су» ЖШС мамандары арнайы аппараттың көмегімен 350 пәтердің кәріз жүйесін бітеген. Соның арқасында компания алашағының біраз бөлігін өндіріп алған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер