BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Қызылжар өңіраралық ХV форумға қызу дайындалуда

Фото: автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Санаулы күндерден кейін Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХV форумы басталады. Екі елдің басшылары қатысатын алқалы жиынға қос мемлекеттін 200-ге жуық БАҚ өкілдері мен 600 делегат келеді деп күтілуде.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтетін пленарлық отырыс, биыл бой көтерген оқушылар сарайында өтпек. Қазір Петропавлда тарихи оқиғаға қызу дайындық жүріп жатыр.

Форумға келетін қонақтарды қарсы алу үшін қысқа ғана мерзімде Қызылжарда жаңа нысандар бой көтерді. Жасыл желек отырғызылып, қала жаңа кейіпке енді. Қарашаның 8-і күні меймандар туризмге арналған көрмені тамашалайтын болады. Көпшілік назарына Қазақстан мен Ресейдің түрлі саладағы байланысын бейнелейтін 40 экспонат қойылады. Көрмені екі мемлекет өкілдері бірлесіп әзірлейді. Осы шара шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары галлографиялық шоу тамашалауға мүмкіндік алады. Ал панельді сессияларда екі мемлекеттің туристтік әлеуеті жайлы баяндамалар оқылып, бірлескен жобалар қабылдау жоспарда бар.

«Оқушылар сарайында пленарлық отырыс өтеді. Онда көтерілетін басты тақырып – туризмді дамыту. Оған екі мемлекеттің басшылары қатысады. Біздің облысымыздан Шалқар-Имантау демалыс орыны жайлы баяндалатын болады. Себебі бұл орын ең үздік 10 демалыс орнының тізімінде. Бұл курорттық аймақ болашақта дамып, Бурабай сияқты үлкен сұранысқа ие болады. Әрине бұл форум біздің еліміз және қаламыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең алдымен туризм саласын дамытуға септеседі. Сонымен қатар өзара тәжрибе алмасуға мүмкіндік туады. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтамыз. Себебі біздің өңірге Ресейден келетін туристер көп. Республикалық маңызы бар жолдар жөндеуден өтті. Осы жылдың өзінде Шалқар-Имантау демалыс орнына жету уақыты 30 пайызға азайған. Осының арқасында биыл келген туристердің саны екі есеге көбейген», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Сонымен қатар көрмеде шетелдік қонақтар Қазақстанның туризм саласындағы деңгейімен, еліміздегі ең үздік 10 демалыс орнымен таныса алады. Озық техналогиялардың көмегімен, атап айтқанда 3Д көзілдірік, теледидар арқылы болашақта бұл саланың қалай дамитынын, қандай өзгерістердің болатынын көре алады.

«Солтүстік Қазақстан облысы – көркем табиғатымен ерекшеленеді. Бізде демалуға арналған орындар баршылық. Бүгінгі күні туристік бағын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналып келеді. Имантау – жылына 12 ай демалуға болатын аймақ. Форум – өңірдегі туристик индустрияны дамытуға күшті серпін береді деген ойдамын», - дейді СҚО туристік қауымдастығының төрағасы Владимир Витченко.

Форумның арнайы сайтында екі мыңнан астам адам тіркелген. Меймандарға облысымыздың өнер ұжымдары концерттік бағдарламаларын әзірлесе, музей-кешендерде түрлі көрмелер ұйымдастырылады. Форум өтетін күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті полиция жасақтары қамтамасыз етеді. Сондай-ақ меймандарды қарсы алып, оларға қызмет ететін 180 ерікті дайын. Олар шет тілдерді білетін, психологиялық және физиологиялық тұрғыдан арнайы дайындықтан өткен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер