BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Қызылордалық шебер музыкалық аспаптың 52 түрін жасайды

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Досбол би ауылында тұратын шебер Біржан Ділманов музыкалық аспаптың 52 түрін жасайды.

Біржан биыл 33 жасқа толды. Оның қолөнерге қызығушылығы балалық шақта оянған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әкесінің шеберханасына жиі бас сұғып, ағаштардан түрлі бұйым жасауға машықтанады.

Әкесінен үйренген тәжірибесін одан әрі шыңдау үшін Алматы қаласындағы «Шертер» компаниясында еңбек етеді. Сегіз жыл сонда жұмыс істеп, ұсталық өнердің қыр-сырына әбден қанығады. Сосын ауылына оралып, кәсібін өз бетінше жалғастыруды жөн көреді.

«Ауылға келіп, «Жетіген саз аспаптары» серіктестігін құрып, шеберхана ашып, ұлттық аспаптар жасаумен айналыса бастадым. Ұста болып, адал кәсіп істеп, елге қызмет етсем деген балалық арманым орындалды. Өзімізге керекті үйеңкі, қайың, полесандра, қызыл ағаш, бук ағаштарын еліміздің басқа аймақтарынан алдырамыз. Тапсырыстар бар. Домбыра мен қобызға сұраныс жоғары. Жалпы, әр қазақтың үйінің төрінде бір домбыра тұруы тиіс. Оны көрген қарадомалақтардың ұлттық өнерге – төл аспабымызға қызығушылығы оянады деп ойлаймын. Ата-бабамыздан келе жатқан сырлы саз да, асыл сөз де осы домбырамен тарады емес пе?!» - дейді ұста.

Біржан Ділмановтың айтуынша, әр аспапқа қажырлы күш жұмсалады. Сондықтан, ұстаға шығармашылық қабілет пен шыдамдылық қасиет қажет.

«Біз қазақтың музыкалық аспабының 52 түрін білеміз және солардың барлығын жасай аламыз. Атап айтсақ, домбыраның құрама, шабылған түрлері бар. Құрастырған домбыра 5-6 күн уақытты алса, шауып жасайтын домбыраның дайын болуы он бес күнге созылады. Жас ерекшелікке де мән береміз. Алты жасқа дейінгі балаларға көлемі 32 сантиметрлі домбыра жасалады. Алты мен он екі жас аралығындағы өрендерге 40 сантиметрлігін әзірлейміз. Ал қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы жетігеннің жасалуы да, ойналу әдісі де күрделі. Тұрқы ұзын, жәшік сияқты. Бетін жұқа тақтаймен жабамыз. Үн беретін ойықтарын салу да машақат жұмыс. Домбыра, жетігеннен бөлек, шеңкілдек, сыбызғы, домбыра секунда, прима домбыра, альт домбыра, бас домбыра, контрабас, жетіген, прима қобыз, скрипкалы прима қобыз, қылқобыз, нарқобыз, альт қобыз, бас қобыз, темір ішекті прима шертер, альт шертер, бас шертер, дауылпаз, дабыл, кепшік, маракас, аса таяқ, шартылдақ, тайтұяқ және тағы басқа түрлерін жасаймыз. Осының барлығы оркестрде ойналады», – дейді ұста.

Қызылордалық шебер қасына ауылының төрт азаматын жұмысқа алған. Олар жасаған аспаптар сапалы. Сондықтан, тапсырыс берушілер көп.

«Домбыра, жетіген және басқа да аспаптарға еліміздің әр қиырынан арнайы тапсырыстар түсіп тұрады. Әсіресе, Астана, Алматы, Орал қалаларынан және Қызылорда облысынан сұраныс көп», – дейді Біржан Ділманов.

Ұлттық аспап жасайтын ұстаның қолынан шыққан домбыраның бағасы 35 мың теңгеден басталады. Ең сапалысы, ең қымбаты 350 мың теңгеге бағаланады. Жетіген аспабының ең арзанын 180 мың теңгеге сатылады. Ал кантрабасты кемінде 300 мың теңгеге жасайды.

Біржанға тапсырыс беріп, домбыра сатып алғандардың бірі – Алтынай Әбубәкірова.

«Мен Қызылорда қалалық өнер мектебінде балаларға домбырада ойнауды үйретемін. Домбырамды Біржанға жасаттым. Ұстаның жұмысы мақтауға тұрарлық. Себебі, жасаған домбыраларының дыбысы таза, түрі көз тартарлықтай әдемі. Бағасы да қалтаға қолайлы. Арзанға бағалаған домбыраларының дыбысы да көңілімізден шығып отыр. Негізі, материалының сапасына қарай бағасы қымбаттай береді ғой. Ұстаның тағы бір ерекшелігі, өнерге қызығып жүрген балалардың дене пішіміне сай домбыралар жасайды», - дейді Алтынай Әбубәкірова.

Біржан Ділманов музыкалық аспаптардан бөлек, сандық, бесіктерді, естелікке беретін кәдесыйларды жасайды. Басқа да ағаштан жасалатын бұйымдарды құрастыра береді. Болашақта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Шеберханасын Шиелі ауданының орталығынан ашу ойында бар. Қазіргі таңда ұста осы мақсатта ізденіп жүр.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер