BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қызылордалық кәсіпкер жүзден астам мүгедекті жұмыспен қамтып отыр

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорынында жүздеген мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын басшысы Бақыт Жұмашевтің айтуынша, мұнда тротуарлық плиткалар, жол жиек тастары, пластикалық терезе, есік және витраждар, кез келген офистік және үйге арналған жиһаз өнімдері өндіріледі. Бұған қоса, сыртқы жарнама қызметінің барлық түрлері, әртүрлі полиграфиялық өнімдерді басып шығару мен клинингтік қызметтер, компьютерлік, периферийлік құрылғыларды жөндеу жұмыстарымен айналысады. Тіпті, Алматы, Сәтбаев қалаларында филиалын ашып үлгерген. Биылғы жылдың 9 айының өзінде «Ұшқын» 331 мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, 342,6 миллион теңгенің тапсырысын орындаған.

«Бастапқыда «Ұшқын» қоғамдық бірлестік ретінде құрылған. Бір жылдан кейін, яғни 2013 жылы мүгедек жандарды кәсіпке баулып, шаруаға тарту мақсатында жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта ашылды. Жыл өткен сайын кәсібімізді кеңейтіп отырдық. Қазіргі таңда қосымша павловния ағашының көшетін отырғызумен айналысып жатырмыз. Серіктестікке тиесілі жер бар, сонда Ресейден арнайы тапсырыспен алынған ерекше ағаштың 1700 көшеті отырғызылды. Неге бұл ағашқа назарымыз ауды? Себебі, оны сапалы жиһаз жасауға, табиғи отын ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ, жағымсыз иісті – кәріз жүйесінен, қоқыстан пайда болатын иісті тазартады», – дейді Бақыт Жұмашев.

Байқағандай, «Ұшқынның» жұмысы ауқымды. Бүгінде серіктестікте 211 адам жұмыс істейді, оның 119-ы – мүмкіндігі шектеулі азамат. Сондықтан жұмыс уақыты да жеңілдетілген.

Ұйымдағы тасы өрге басқан саланың бірі – тігін тігу және пішу шеберханасы. Мұнда қыз жасауы, төсек қаптамалары, көрпе, жастықтан бөлек ұлттық киімдерге дейін тапсырыс қабылдайды. Бұйымдарды дайындайтын 17 шебер еңбек етуде. Солардың бірі – үш жыл бұрын жүректен инсульт алу салдарынан арбаға таңылған Несібелі Мүсілімова.

«Еңбекпен қамту бағдарламасы аясында 3 ай оқу курсынан өтіп, осында келдім. Қазір өз шеберлігімді шыңдап, түрлі қиындықтағы бұйымдар тігемін. Айлық жалақым да уақытылы. Үйімнен арнайы көлікпен қатынаймын. Біздің қажеттілігімізбен санасып, жағдайымызды жасап отырған серіктестік басшысы Бақыт Жұмашов пен облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділдаевқа айтар алғысымыз шексіз», – дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды тіршілікке араластырған, өмірге құштарлығын оятқан іскер азамат Бақыт Жұмашевтің алға қойған жоспары көп.

«Болашақта күн энергиясынан қуат алатын терезелер дайындасақ деген ойымыз бар. Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолының бойына желден энергия алатын құрылғылар қоюды да жоспарлап отырмыз. Ол үшін Алматы қаласындағы таңдаулы оқу орындарымен мүгедек жандарды оқыту мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Осы жоспарлар жүзеге асса, тағы да көптеген мүгедек жандарды жұмыспен қамтитын боламыз. Шыны керек, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың көпшілігіне жұмысқа орналасу қиын. Соны ескеріп, олардың табыс тауып, өз отбасыларын асырауына жағдай жасап, көмектесе беретін боламыз. Әрі еліміздің дәулетін арттыруға үлесімізді қосамыз, – деді Бақыт Төлеутайұлы.

Айта кетейік, "Ұшқын" Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС құрамына "Қазақ соқырлар қоғамының", "Қазақ саңыраулар қоғамының" Қызылорда, Арал, Қазалы, Сырдария аудандары мен Жосалы кентіндегі филиалдары, сондай-ақ "Жігер" Қызылорда облысы мүгедектерінің ЖШС кіреді.

Сонымен қатар, серіктестіктің айтулы қызметі елеусіз қалған емес. 2013 жылы республикалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауында «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша екінші орын алған. Биыл «Жылдың үздік ұйымы» атанды.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер