BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 345.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Қызылордадағы 22 жатақхананың 18-не күрделі жөндеу қажет

Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаевтың айтуынша, облыстағы 22 жатақхана тексеруден өткізілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында құрылған комиссия аймақтағы жатақханалардың жағдайын тексеруге қатысты атқарған жұмысының қорытындысын жариялады.

"Қалада орналасқан жатақханалардың техникалық жағдайын аккредитациядан өткен 4 мекеме және мемлекеттік органдардың басшыларынан құрылған комиссия тексерді. Тексеру барысында 22 жатақхананың 3-нің жағдайы жақсы, 18 күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталса, Титов қыстағындағы №32 жатақхана апатты деп танылды. Қала әкімдігі мен жұмыс комиссиясы бірлесіп аталған жатақханаға қатысты тиісті жұмыстар атқарып жатыр", - деді Марсбек Молдабаев.

Комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес 18 жатақханаға қатысты шығарылған шешім Қызылорда қаласы әкімдігіне жолданды.

"Мұнан соң, қала әкімдігі «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында бұл жатақханаларды күрделі жөндеуден өткізу бағытындағы шараларды атқарады. Дегенмен, бұл үшін тұрғындардың 75 пайызының келісімі болуы керек. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңының 50-бабының 1 тармағына сәйкес үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерi кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысуға міндетті. Яғни күрделі жөндеу жұмыстарының шығынын өтеу пәтер иелеріне жүктеледі", - деп атап өтті Марсбек Молдабаев.

Сонымен қатар, комиссия аудандардағы жатақханаларды да тексеруден өткізді.

Қазалы ауданында 4 жатақхана бар, олардың жағдайы жақсы.

Қармақшы ауданындағы 1976 жылы салынған 150 орындық жатақхана 2015 жылдың наурыз айында апатты деп танылған. Қазіргі кезде бұл ғимарат бос тұр.

Жалағаш ауданындағы 50 орындық индустриалды-аграрлық колледж жатақханасының жағдайы жақсы деп танылған.

Жаңақорған ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасы да қалыпты жағдайда.

Шиелі ауданындағы 240 орындық индустриалды-аграрлық колледжге 2017 жылы күрделі жөндеу жүргізілген, қазіргі кезде оның жағдайы жақсы.

Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен 2018 жылдың 2 наурызында қала және аудандардағы жатақханалардың техникалық жағдайын тексеру үшін арнайы комиссия құрылған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер