BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қызылордада апатты деп танылған жатақхана тұрғындары жаңа пәтер алды

Қызылорда қаласында 143 отбасы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан жаңа көпқабатты үйден баспана алды. Бұған дейін олар комиссия қорытындысымен апатты деп танылған «Титов» мөлтек ауданындағы жатақханада тұрған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Еске сала кетсек, Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 28 ақпан күні Титов кентінде орналасқан көпқабатты жатақхананың адам тұрмайтын бір бөлігі құлағанын мәлімдеген болатын. Осы оқиғадан кейін қала көлемінде орналасқан 22 жатақхананың жағдайын зерттеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия қорытындысы 12 наурыз күні жарияланды. Тексеру ден өткен 22 жатақхананың 3 техникалық жағдайы жақсы, 18 қанағаттанарлық, бірақ жөндеуді қажет ететін, ал Титов кентіндегі №32 жатақхана апатты деп танылды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев жаңа пәтер кілттерін табыстап, тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Бүгін біз жасампаздық мерекесі - Наурыз мейрамы қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік тарту ретінде кезекті тұрғын үйді пайдалануға бергелі тұрмыз. Бүгінгі күні комиссия қорытындысымен Титов кентіндегі №32 жатақхана апатты деп танылып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Іші сәбидің күміс күлкісіне толып, құт-берекелі мекендеріңіз болсын. Жалпы, тұрғын үй құрылысы саласындағы ең үлкен жетістігіміз - 2017 жылдан бастап Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын бастадық. Биыл Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығына басты тарту ретінде Қызылорда қаласының сол жақ жағалауындағы жаңа тұрғын ауданды пайдалануға береміз» - деді аймақ басшысы.

Жаңа пәтер иелерінің қатарында зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, көп балалы және аз қамтылған отбасылар бар.

Раиса Ержанова тұрғындар атынан аймақ басшылығына алғыс айтты.

«Бізге жаңа үй аласыздар дегенде сенбегенбіз. Мәселеміз бір апта ішінде шешілді, яғни, 143 отбасы бүгін қоныс тойларын тойламақ. Жылдам шара қабылдағандарыңыз үшін үлкен рахмет, қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көршілерімді қоныс тойларымен, барлық жерлестерімді Қауышу күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді Раиса Ержанова.

Атап кетейік, соңғы 5 жылда Қызылордада 7000 жуық отбасы тұратын 14 шағын аудан салынды. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала құрылысы басталды. Онда тұрғын үйлер, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, Жастар ресурстық орталығы, Рухани жаңғыру орталығы, балабақша және Неке сарайы орналасатын болады. Одан бөлек, жақын арада 3 шағын ауданның инженерлік инфрақұрылым нысандары мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистраліне апаратын «Шіркейлі» арнасынан өтетін көпір құрылысы басталады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер