BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қызылордада 6 әкім сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана, BAQ.KZ. 2018 жылдың басынан бері Қызылорда облысында 6 әкім сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қ. Ысқақовтың төрағалығымен өткен мәжіліс барысында айтылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның облыстық департаменті, облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері қатысты.

Мәжіліс тақырыбына жергілікті атқарушы органдарда орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының орын алу себептерін анықтау мен оны жою шаралары арқау болды.

«Жыл басынан бері облыста 6 кент және ауылдық округ әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған. Оның ішінде, 3 ауыл әкімі пара алғаны үшін, қалған 3-уі қызметтік жалғандық үшін жауапкершілікке тартылды. Нақты айтқанда, Қазалы ауданының Басығара ауылдық округі, Шиелі ауданының Гигант ауылдық округі және Қызылорда қаласының Белкөл кенті әкімдері жер телімдерін беру үшін пара алған болса, Арал ауданының Жақсықылыш кенті және Жаңақорған ауданының Шалқия мен Төменарық елді мекендерінің әкімдері қызметтік жалғандық жасаған», - деді жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Б. Ниязов.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары С.Шотаев, Агенттіктің облыстық департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Тленовтер хабарлама жасап, облыстағы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың өзекті проблемалық мәселелері талқыланды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер