BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Қазақстан мен Ресей форумында 17 меморандумға қол қойылды

Фото: автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастықтың ХV форумы аясында туризмнің түрлі салаларын қамтитын 17 меморандумға қол қойылды.

Экстремалды, пассивті, медициналық және археологиялық туризм. Қазақстан мен Ресейдің әр өңірі ерекше. Әр аймақ бірегейлігін пайдалана отырып, өзіне тән бағыт бойынша туризмді дамытып келеді. Форум барысында екі елдің өкілдері жиналғандарды өз өлкелерімен таныстырып, туристік мүмкіндіктері жайында жарыса айтты. Алғашқы болып ең ұтқыр жобаларын Краснодар өлкесінің мамандары таныстырды. Қара теңіз жағалауындағы демалыс орындары мен шипажайлары бүгінде ресейліктер арасында ғана емес шетелдіктердің де сұранысына ие.

«Қазақстан тарапынан Ресейдің Краснодар өлкесіне қызығушылық бар. Біз жазғы және қысқы демалысты ұсынамыз. Өткен жылы 16 миллион турист біздің шипажайларда демалып қайтты. 2018 жылдың 9 айында Қазақстанның 1 миллион 300 мың тұрғынын қарсы алдық», - деді РФ Краснодар өлкесінің туризм және олимпиадалық мұра министрі Христофор Константинди.

Түмен облысы Солтүстік Қазақстанның шекаралас өңірлерінің бірі. Ресейдің мұнай өңдеуші, ең бай аймағы саналады. Туристерге ыстық бұлақ көздерімен, флорасы мен фаунасының байлығымен, қылқан жапырақты ну ормандарымен, таза ауасымен жақсы таныс. Түмендіктер форумға қатысушыларды бай табиғатымен қызықтырды. Ал Қазақстандық тарап шетелдік қонақтарға 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласын таныстырды. Жамбыл облысы көпшілік назарына археологиялық туризм жобаларын ұсынады.

2 мыңға жуық делегаттың басын қосқан шараға қатысушылар өзара ынтымақтастық жөніндегі 17 құжатқа қол қойды. Оның қатарында Солтүстік Қазақстан мен Түмен облысы өкілдерінің туризм саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумы да бар.

«Бұл құжат аясында туризмді одан әрі дамытуды қолға алмақпыз. Бұл салада екі елдің де мүмкіндігі зор. Ең бастысы жарнама мен насихат керек. Өз жеріміздің тұрғындарына Шалқар мен Имантау туралы айтатын болсақ, әріптестеріміз Түмендік шипажайларды насихаттайды», - дейді РФ Түмен облысының қазақ ұлттық-мәдени автономиясының Президенті Есанғали Ыбыраев.

XV өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысушылар халықаралық жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, осындай кездесулер көрші мемлекеттердің экономикасы мен тұрғындардың әл ауқатын, туристік мүмкіндігін дамытуда оң әсер беретініне сенім білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер