BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қарағандыда жасөспірімдер төбелесіп, екі бала ауруханаға жеткізілді

Қарағандының Майқұдық шағын ауданында тал түсте төбелес болып, соңы 16 және 17 жастағы екі бозбаланың ауруханаға түсуімен аяқталған. Алдын ала мәліметтер бойынша төбелестен зардап шеккендер – колледж студенттері, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

10 қазан күні Майқұдықтың 15-ші ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында күндізгі сағат 14.00 шамасында жасөспірімдердің қатысумен жаппай төбелес болған. Жанжал салдарынан 16 және 17 жастағы екі бозбала зардап шеккен.

«16 жастағы жасөспірімді жедел медициналық көмек қызметкерлері пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізді. Зардап шегушінің беліне пышақ кірген. Жасөспірімге ота жасалып, ол сәтті өтті. Жасына байланысты ол балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды», - дейді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал кезінде 17 жастағы жігіттің бас сүйегіне зақым келген. Ол облыстық бас-сүйек ауруханасында жатыр. Жәбірленуші жасөспірімдер қаладағы колледждердің бірінде оқиды.

Облыстық ішкі істер департаментінде аталған оқиғаға байланысты іс қозғалғанын айтады.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 1-тармағына сай, яғни «денсаулыққа қасақана зақым келтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Барлық жағдай анықталуда», - деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер