BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 356.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.42
Астана:

Қарағандыда тұманда 11 адам адасып кеткен, арасында 3 айлық нәресте бар

Фото: ТЖД

25 желтоқсан күні таңертең Қарағандының Абай ауылынан екі көлікпен шыққан 7 адам мен 4 бала қалың тұманда жол таба алмай, адасып кеткен. Оларды төтенше жағдайлар қызметі тек келесі күні түнгі 2-лер шамасында тауып алған, деп жазады Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Ақтоғай ауданының Абай ауылынан Балқаш қаласына шыққан екі көлік қалың тұманда жолдан адасқан. Ішінде 7 ересек адам мен 4 бала бар көліктердің бірінің жанармайы таусылып, барлық 11 адам бір көлікке отырған. Олар ұялы телефон ұстайтын жерді тауып, адасып кеткендіктері жайлы туған-туыстарына хабар берген. Адасқандардың туыстары құтқару қызметіне хабарласып, арасында 3 айлық нәресте бар көліктің адасып кеткендігін айтып, көмек сұраған.

«25 желтоқсан күні сағат 07.30-да Абай-Балқаш бағытында жолға шыққан бір топ адамның адасып кеткендігі жайлы ақпарат түсті. Іздеу-құтқару шараларын атқару үшін Қарағанды облысы ТЖД бөлімінің күші жұмылдырылды. Адасқандар құтқарушыларға бастапқыда өздерінің тұрған жерлері жайлы қате бағытты айтқандықтан және қалың тұманның салдарынан құтқару қызметі қиындады. Нарманбет ауылында құтқарушыларға елді мекеннің әкімі мен учаскелік инспектор көмекке келді. Сондай-ақ, құтқарушылар ұялы телефон арқылы адасқандардың координаттарын анықтау үшін ішкі істер қызметінің көмегіне жүгінді. Олар іздеу аумағын кішірейтуге көмектесті. Осыдан кейін іздеу-құтқару қызметі жанармайы таусылған көлікті тапты. Сағат 01.42-де адасқандар Қарасу селосынан 90 шақырым қашықтықтан табылып, құтқарылды», - дейді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Құтқарылған 11 адам Балқаш қаласына жеткізілген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсы. Медициналық көмекке жүгінбеген. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар қызметі қысқы уақытта қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салады. Ауа райы қолайсыз күні әсіресе түнгі уақытта алыс қашықтыққа жолға шықпауды өтінеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер