BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Қарағандыда пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысты

Фото: автор

Қарағандыда бүгін кешкілік жолаушылар автобусы мен тауар таситын пойыз соқтығысты. Жол көлік оқиғасынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Вaq.kz аймақтық тілшісі.

16 наурыз күні кешкі 18 сағат 50 минут шамасында Гоголь көшесінің бойында №40 маршруттық автобус тауар таситын пойыздың вагонына соқтығысты. Оқиға салдарынан жолаушылар автобусында болған 3 адам дене жарақатын алды. Автобустың тізгінінде 22 жастағы жігіт болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша Қарағандының кондитерлік фабрикасы аумағында 22 жастағы автобус жүргізуші темір жолдан өтпек болған уақытта тепловозға соқтығысқан. Үш адам әртүрлі дене жарақатымен Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізілді. Тергеуге дейінгі тексеріс жүріп жатыр», - дейді Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Фото: автор

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жол көлік оқиғасынан зардап шеккендердің денсаулығына қатысты мәлімдеме берді.

«Жол көлік оқиғасынан зардап шеккен үш адамның екеуіне Денсаулық сақтау басқарамасының жедел жәрдемі қызметі көмек көрсетті. 47 жастағы әйел адамның бұғанасы сынған. Ол Мақажанов атындағы ортопедия және травматология орталығына жеткізілді. Тағы бір зардап шегуші 17 жастағы қыз бала жабық түрдегі бас сүйек-ми зақымын алған. Ал, үшінші адамға Төтенше жағдайлар департаментінің апат медицинасы орталығының жедел жәрдемі қызмет көрсетті», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

«Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, жол көлік оқиғасына автобус жүргізушісі себепкер болған.

«16 наурыз күні Гоголь көшесінде орналасқан жеке темір жол торабында жолаушылар автобусы бағдаршамның тыйым салу дабылына қарамастан темір жолға шығып кетіп, қозғалыстағы вагонмен соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жол көлік оқиғасына жол ережесін бұзған қалалық жолаушылар автобусының жүргізушісі себеп болған. Қазіргі уақытта комиссия құрылып, оқиға тексерілуде », - деп хабарлады «ҚТЖ – жүк тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер