BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Қарағандыда медициналық қызметті смартфон арқылы алатындар саны артып келеді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Цифрландыру шеңберінде «ДамуМед» мобильдік қосымшасы өткен жылдың қазан айынан бастап Қарағандыда пилоттық жоба ретінде қосылған болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде қолданылатын жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді.

«ДамуМед» қосымшасын смартфонға орнатып дәрігердің қабылдауына жазылып, мамандарды үйге шақырта аласыз, сондай-ақ зертханалық қортындылар, рецепттер, еңбекке жарамсыздық парағы да телефоныңызда болады. «Дабыл түймесін» басу арқылы жүкті әйелдер мен бес жасқа толмаған балалары бар ата-аналар, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін жедел жәрдем қызметін шақыру мүмкіндігі де қарастырылған. Қазақ-орыс тілдерінде жұмыс істейтін мобильдік қосымшаны бүгінгі таңда 344 мың қарағандылық пайдаланады.

«Медицина қызметкерлері емханаларда аталған сервистің басымдықтары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, емделушілердің смартфондарына қосымшаны орнатуға көмектеседі. Қосымшадағы емделушінің жеке кабинеті медициналық ұйымның электронды қызметіне қолайлы қол жеткізу үшін арналған. Сіз өзіңізге және отбасы мүшелеріне – ата-аналарыңыз бен балаларыңызға үшін электронды қызметке тапсырыс бере аласыз. Бұл қосымша дәрігерлер мен емделушілер үшін өте ыңғайлы», - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Емханаға бармай, телефон шалмай-ақ смартфоныңыз арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, үйге шақыртуға болатын қосымша емделушілердің уақытын үнемдеуде таптырмас құрал болған.

«№4 емханада тіркеудемін. Бұрын дәрігерге жазылу үшін не болмаса үйге шақырту үшін емханаға бірнеше рет телефон соғатынбыз. Қазір бұл іс оңайлатылды. Рецептер мен анализ қорытындылары да қосымшаның ішінде. Кез келген уақытта ұялы телефоннан көруге болады. Қосымша үнемі жаңартылып отырады. Соңғы уақытта мобильді сауалнама да ұсынылып жүр», - дейді «Көгілдір тоғандар» шағын ауданының тұрғыны Арайлым Ыбыраева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы цифрландыру шеңберінде бұдан басқа бірнеше жоба қолға алынғандығын айтады. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанынан бастап Қарағандыдағы медицина мекемелері қағазсыз құжат айналымына көшу бойынша пилоттық жобаны қолға алған. Оның шеңберінде облыстың ауруxаналары мен емханалары ауру тарихын және амбулаториялық карталарды электрондық форматта толтыруға кезең-кезеңмен көшуде. Аймақтың денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жаңалық дағдарыс орталығы. Бұл орталықтың қызметі арқылы дәрігерлер науқастарға қашықтықтан көмек бере алады. Біріңғай диспетчерлік желі жобасы да медициналық қызметттің жеделділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер