BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Қарағандыда көмір жеткілікті ме?

Қыркүйек айынан бері Қарағанды облысында көмір мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Тұрғындар көмірлі аймақта қара отынның тапшылығы сезіліп отырғандығын айтып, шағымдануда. Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі көмір дүрлікпесінің не себепті басылмай тұрғандығын анықтап көрген еді.

Күн суытқалы бері қара отын мәселесі қарағандылықтардың бас ауруына айналды. Көмір іздеп шарқ ұрғандар аймақта қара отынның жоқтығын, не болмаса көмір алу үшін бірнеше күн кезекте тұру керектігін айтып шағымдануда. Өткен аптада облыс әкімі Ерлан Қошанов орынбасарларына тапсырма беріп, жылыту маусымы қарсаңында халықты қолжетімді көмірмен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын. Қарағанды облысының әкімдігіндегілер халықты көмірмен қамту үшін барлық шаралардың қолданылып жатқандығын айтады. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша аймағымызда көмір тапшылығы жоқ, өндіріс қуаты былтырғы жылмен салыстырғанда ұлғайған.

«Облысымызда көмір өндіруде проблемалар жоқ. Соңғы 9 ай қорытындысы бойынша бізде көмір өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млн тоннаға ұлғайды. Жылыту маусымына қарсы барлық әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандар көмірмен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта кәсіпорындар көмір жөнелтілімін ұлғайтты. Мысалы, «Рапид» ЖШС қазан айының басынан бастап көмір өндіруді 18%-ға арттырған. Бұл жерде 4 жүк тиеуші техника тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Халыққа арналған көмірді түсіру көлемі тәулігіне шамамен 85 тонна. Кезекті қысқарту үшін «Шұбаркөл Көмір» компаниясының сатылым нүктелері де екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Күн сайынғы көлем 550 тонна. Егер бұған дейін олар шамамен күніне 50 жүк көлігіне көмір тиесе, қазір бұл көрсеткіш 150-ге дейін ұлғайтылған. «SatKomir» ТКК ЖШС-де 3 жүк тиегіш машина және алты экскаватор жұмыс істеп жатыр. Көмір түсіру көлемін ұлғайту үшін бұл техникаларға тағы да қосымша екі экскаватор қосылған. Кәсіпорында тәулігіне 1000 тонна қатты отын тиелуде. «Молодежный» және «Қу Шоқы» разрездерінде көмір өндіру және тиеу штаттық кесте бойынша жүргізілуде, әрбір разрезде екі экскаватордан және екі түк тиегіш машинадан жұмыс істейді», - дейді Алмас Айдаров.

Дегенмен, облыс әкімінің орынбасары жеке сектор тұрғындардың көмірмен қамтамасыз етілуінде белгілі-бір қиындықтар барын айтады. Ол қатты отынды түсіру нүктелеріндегі кезектің сақталуы.

«Биылғы жылы ауа райы қыркүйекте кенеттен суытып кетті. Сондықтан көмірге деген сұраныс та екі-үш есе ұлғайды. Көмірге қатысты дүрбелең оны сатып аламын деушілер қатарының қалыңдығына байланысты туындап отыр. Нәтижесінде, көмір сату нүктелерінде жүк көліктерінен құралған кезек ұзарып кетті. Ол тиеу мүмкіндіктерінің шектелуіне қатысты. Көмір сату жыл бойы жүргізіледі, бітіп қалуы мүмкін емес. Қазан, қараша және желтоқсан айларында көмір әдеттегі режиммен сатылатын болады», - дейді А.Айдаров.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта көмір жіберетін нүктелердегі кезек азайған.

«Жалынды Отан» ЖШС-нің өкілі Александр Попковтың айтуынша, ұзын-сонар кезек жоқ. Кеше күндіз 40-50 жүк көлік кезекте тұрған. Кешке дейін бұл көліктердің барлығына көмір тиелген. А.Попков өткен жылмен салыстырғанда биыл көмір алуға келетін жүк көліктерінің саны алты-жеті есе көп екендігін айтады. Ал халық арасында сұранысқа ие «шұбаркөл» көмірінің бағасы тоннасына 11 теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1000 теңгеге қымбат», - дейді облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Әлия Сыздықова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер