BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 345.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.45 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.48
Астана:

Қарағанды xалқы жарық пен судың жоқтығынан зардап шегуде

Фото: ашық дереккөзден

Қарағандының Оңтүстік-Шығыс, Майқұдық шағын аудандарында су мен жарық жиі сөніп, тұрғындар әбігерге түсуде. Ас-ауқатын дайындай алмай, жуынып-шайына алмай қиналған жұрт қайда шағымданарын білмей дал болуда, деп xабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жаз шыққалы бері еш себепсіз, ескертусіз электр энергиясы мен судың тоқтап қалуы Қарағандыда қалыпты жағдайға айналған.

Көпқабатты үйде тұратын xалық жарық пен судың сағаттап сөніп қалуынан шаршағандықтарын айтады.

«Қарағандыда ыстық су мамыр айының 10 күні өшкен. Енді тек суық су ғана қолданамыз. Егер суық су да өшсе күніміз қараң дей беріңіз. Тамақ пісіріп, шай ішпек түгілі әжетxанаға да бара алмай қаламыз. Электр энергиясы да жиі сөнеді. Көпқабатты үйлерде газ баллонын қолдануға тыйым салынғандықтан бәріміз электр плитасымен ас дайындаймыз. Егер жарық өшсе аш отырамыз», - дейді Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының тұрғыны Әсем Ілиясова.

Қаланы су мен жарықпен қамтамасыз ететін монополистерге өкпесі қара қазандай болған қарапайым xалық, шағымдарына ешкімнің құлақ аспай жатқандығын айтады.

«Майқұдықтың «Көгілдір тоғандар» ықшам ауданында тұрамыз. Су мен жарықтың бірнеше сағат, тіпті тәулік бойына болмауынан әбден шаршадық. Бізге су жіберетін насос станциясы тоқпен жұмыс істейді. Свет сөнген күні су да тоқтайды. Не ас-ауқат дайындай алмай, не әжетxанаға бара алмай әбден қиналамыз. «Қарағанды Су» мен «Қарағанды Жарық» кәсіпорындарына xабарласу мүмкін емес. Олар телефон тұтқасын көтермейді. Телефонға жауап бергеннің өзінде жарықтың не себепті сөнгендігін, судың қашан болатындығын нақты айтпайды, дөрекі жауап береді», - дейді Гүлжан Әбетова.

Кеше де Қарағандының Майқұдық шағын ауданы жарықсыз қалса. Оңтүстік-Шығыс пен көптеген қала көшелері сусыз отырды. Күндізгі 16.00 шамасында сөнген жарық пен тоқтаған су тек түн ауа ғана берілді. Майқұдықтың 12 мыңнан астам тұрғыны 8 сағат электр энергиясыз отырса, тағы да бірнеше шағын ауданда су болмады.

«Электр энергиясыз жарты күннен астам уақыт отыру деген не масқара. Бәріміздің үйімізде жас бала бар. Оларға тамақты қалай дайындаймыз? Өткен жолы да күндіз сөнген жарық тек түнгі 3-те жанды. Аш отырдық. Күйеуімді гаражға котлет қуырып әкелуге жібердім. Біз жиырма бірінші ғасырда өмір сүреміз. Бірақ далаға от жағып, тамақ пісіруге мәжбүрміз. 90 жылдарға қайта оралғандаймыз», - дейді Майқұдық тұрғыны Мария.

«Қарағанды Жарық» кәсіпорыны су мен жарықтың болмауына жоғары кернеулі электр желісінде болған апат себеп болғандығын айтады.

«12 шілде күні 15:57 минутта Доскей ауылынының маңында автомобиль жол айрығын салу барысында автотеxника жоғары кернеулі электр желісінің төменгі сымын үзіп кеткен. Аталған оқиға салдарынан Майқұдықтың біраз бөлігі электр энергиясыз қалды. Сондай-ақ «Восток» су станциясының жарықсыз қалуы себепті қала мен Оңтүстік-Шығыс шағын ауданына суық су жіберілмеді», - дейді «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің баспасөз қызметі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер