BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қарағанды облысы жылыту маусымына 91 пайызға дайын

Фото: 24tv.ua

Облыстың көп қабатты тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарының жылу беру маусымының басталуына дайындығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Қыс маусымына нысандардың 91%-ы дайын. Бұл жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында айтты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қарағанды облысында барлық инженерлік желілердегі жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекте аяқталады. Ал, желілерді су қысымымен және гидравликалық тексеру 1 қазанға дейін орындалмақ. Яғни қыркүйек айының соңында аймақ жылыту маусымына толық дайын болады.

«Станциялардың жылу беру маусымына дайындығы үнемі бақылауда. Қазіргі уақытта 24 қазандық пен 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы да 13 қазандық пен 6 турбина жөнделіп жатыр. Қалған екі турбинада жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» және «Аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында өңірде жылу жүйелерін қалпына келтіру және салу бойынша 5 ірі жоба іске асырылуда. Оның төртеуі Қарағандыға іргелес жатқан қалаларда болса, қалған біреуі Сәтбаев қаласында. Биылғы жылы Қарағанды облысына Энергетика министрлігінен жылыту маусымы үшін 28 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді», - дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, Қарағанды қаласы бойынша М3 және М5 магистралдық жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Жоба бойынша жылу жүйесінің 66 пайызы, яғни 11,8 шақырым қашықтықтың 7,8 шақырымы жөнделген.

«Көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары да жоспар бойынша атқарылуда. Қазандықтарға жылыту маусымына дейін жеткізілуге тиісті 334 тонна қатты отынның, 237,4 тоннасы жеткізілген. Әлеуметтік нысандарды қамту қазіргі уақытта 56 пайызға орындалған», - дейді Ұ.Үсенов.

Қарағанды қаласын жылумен қамтамасыз ететін «Теплотранзит Қарағанды» компаниясы да қысқа дайындық қарқынды жүріп жатқандығын айтады.

«Біздің баланста 448 шақырым жылу жүйесі бар. Оның жыл сайын 26-27 шақырымы жөнделеді. Биылғы жылы да 26 шақырымдағы құбыр жөнделді. Сондай-ақ, апатты жерлердегі құбыр желісі ауыстырылып, жылылықты сақтау шаралары жасалады», - дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-нің техникалық директоры Александр Акишин.

Оның сөзінше, ереже бойынша қалаға жылу беру ауа температурасы 8 градустан төмендеп, осындай температура үш күн сақталғанда беріле бастайды. Сондай-ақ, «Казгидромет» ауа-райының күрт суытуын жорамалдаса да тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер