BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

ХV өңіраралық форум кезінде Петропавл дәрігерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы кезінде облыстық жедел жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Маңызды шараға медициналық қызметкерлер тыңғылықты дайындалып, автопаркін толықтырды. Мамандар біліктілігін арттыру үшін, арнайы курстардан өтті.

Жедел жәрдем қызметінің телефонына күн сайын орта есеппен 300-ден астам шақырту түседі екен. Дәрігерлердің топшылауынша, өңіраралық форум кезінде бұл көрсеткіш әлдеқайда артуы әбден мүмкін. Маңызды шараны ойдағыдай өткізіп, қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін медицина мамандары күшейтілген режимге көшеді.

«Мамандардың бәрін оқыттық, жұмысшылар дайындықтан, аттестациядан өтті. Форумға әзірлік жүргізу үшін арнайы жоспар бекітіліп, орындалды. Мамандар, қажетті құрал-жабдықтар, машиналар бәрі дайын, келген қонақтарға, тұрғылықты жұртшылыққа, бір сөзбен айтқанда жәрдем сұрағандардың бәріне қол ұшын береміз», - дейді СҚО жедел медициналық көмек орталығының бас дәрігері Мамадияр Байғұлов.

Форум өтетін күндері тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсету үшін күн сайын 19 арнайы автокөлік жұмыс істейді. Олардың қатарына 3 УАЗ, және екі реанимобиль қосылды. Жуырда жедел-жәрдем қызметінің автопаркі 5 автомобильмен толықты. Техника сатып алу үшін бюджеттен 57 млн теңге жұмсалған.

«Реанимобильдер барлық қажетті медициналық құрылғылармен: оттегі балондары, дефибрилятор, өкпені жасанды жолмен демалдыруға арналған аппарат, кардиографтармен жабдықталған. Форум өткеннен кейін бұл техника облыс тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады», - дейді дәрігер Вера Вовк.

Петропавл тұрғындары мен Форум қатысушыларына қажетті медициналық көмек көрсету үшін бұл күндері жедел жәрдем орталығының барлық дәрігерлері жұмыс істейді. Оған қоса, іс шаралар өткізілетін нысандарда дәрігерлер кезекшілік етеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер