BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Ертіс өңірінің кей ауылы таза суға жарымай отыр

Фото: автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысы еліміздегі ең ірі өзен – Ертістің бойын жайласа да, халықты таза ауызсумен қамту кенже қалғандай. Бүгінде өңірдегі 365 елді мекеннің 25%-дан астамы ғана таза суға қол жеткізген. Осы көрсеткіш бойынша Ертіс өңірі өзге облыстарға қарағанда елімізде көш соңында. Бұған не себеп?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында тірек саналатын ауылдардан бастап, республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керектігін алға тартты. Тапсырманы орындау мақсатында ауыл-аймақты ауызсумен қамту үшін мемлекеттік бюджеттен 100 млрд теңге бөлінбек. Дегенмен, көрсеткішке қарағанда, қазіргі уақытта бұл бағытта атқарылған жұмыстар мардымсыз көрінеді. Мәселен, қазіргі таңда Ертіс ауданының 17 бірдей елді мекенін ауызсумен қамтуға тиіс Беловод топтық су құбырының жұмысы тоқтап тұр. 2 млрд теңгеге салынған страгетиялық нысан 10 жыл бойы салынғаны былай тұрсын, бір жыл қолданыста болған соң шаруасы біткендей кейіп танытты. Алдымен аудан орталығының 2300 ауласына су жетті.

Дегенмен, аудан тұрғындары қолайлы өмірдің игілігін бір-ақ жыл көрді. Сол себепті, қазіргі уақытта аудандағы бірнеше ауыл халқы тұрмыстық қажеттіліктерге арналған суды Ертістен шелектеп тасуға мәжбүр. Ал ішетін судың бір құтысы 25 теңге тұрады.

Қызылжарлықтардың ашуы

Ертіс ауданына қарасты Қызылжар ауылында 400 аула үй бар. Былтыр ауызсуға «қол жеткіздік» деп бөркін аспанға атқан халық бүгінде ашулы. Жағымды жаңалықты естіген сәтте ауыл азаматтары үйлеріне су құбырын тартып, баспаналарының ішіне жуыну бөлмелері мен дәретханаларын кіргізіп алған. Бұл қуаныш су сепкендей басылды. Беловод топтық су құбырының жұмысы тоқтап қалғандықтан, тұрғындар судан қол үзді.

Қызылжар ауылдық әкімдігінің маманы Динара Ауылбаеваның айтуынша, топтық су құбыры іске қосылғанда тұрғындардың түгелі үйлеріне су құбырын тартып алған.

«Ал тұрмысы төмен 40 отбасыға коммуникация құрылысына жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көмек көрсеткен. Бүгінде ауылда 1510 адам тұрады», - дейді Динара Ауылбаева.

Себеп – тариф

Қиындықтың туындауына тариф себеп. Ауылдағы ағайын үшін судың бағасы тым қымбат. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Төлеш Бекбауовтың айтуынша, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бұйрығына сәйкес осы жылдың сәуірінен бастап, судың текше метрі үшін 380,97 теңге көлемінде тариф бекітілген.

«Бір текше метрі, яғни мың литрі 381 теңге. Нәтижесінде аудан әкімдігі жарты ғасыр бұрын қолданыста болған су қондырғысын қайта іске қосты. Халық болашағына алаңдаған ел азаматтары кезінде бұл алып инфрақұрылымды сақтап қалған. Ал су тасушы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің еншілес ұйымы «Казводхоз» кәсіпорны мен «Eртiс-комсервис» ЖШС жергілікті коммуналдық мекемесінің қызметтерін қоса есептегенде судың бағасы 500 теңгені құрайды. Бұл ауыл азаматтары үшін тым қымбат. «Ертіс-комсервис» тұтынушылар үшін 123,98 теңгенің тарифін бекіткен. Осы кәсіпорынның негізгі тұтынушылары ауыл тұрғындары екенін ескерген жөн», - дейді Төлеш Бекбауов.

Фото: автор

Жағдайдың қалыптасуының негізгі себебі – Беловод топтық су құбырының мемлекет тарапынан субсидияланатын сумен жабдықтау жүйелері тізіміне енгізілмей қалуы. Сол себепті қазіргі таңда алып стратегиялық нысанның жұмысы тоқтатылды.

«Беловод су құбыры республикалық реестрге енгізілгеннен кейін халық үшін судың 1000 литріне 40 теңге көлемінде тариф бекітіледі. Беловод топтық су құбырының құрылысына ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары тапсырыс бергені белгілі. Инфрақұрылым тартыла бастаған сәтте су тарифін республикалық бюджеттен субсидиялау көзделген. Қолданыстағы ҚР «Су кодексінің» 135-бабына сәйкес мемлекеттік қолдау түрлерінің бірі халыққа су беру құнын арзандату қарастырылған», - дейді Төлеш Бекбауов.

Мамандардың айтуынша, субсидия мәселесі шешілмейінше 13 мыңнан астам ауыл тұрғыны тіршілік нәрін өзеннен ала береді. Бұл тұрғыда тағы бір проблема туындаған. Күн күрт суытып кетсе, магистральді желілердегі су қатып қалуы мүмкін. Салдарынан құбырлар жарылуы әбден мүмкін.

Беловод топтық су құбыры учаске басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Денисенконың айтуынша, бүгінде су құбырларының ұзындығы 100 шақырымнан асады. Оның жартысы суға толған, құбырларды босатуға бір айдай уақыт керек.

Биылғы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 37 жоба жүзеге асырылуда. Келер жылы тағы 42 жоба іске қосылып, 33 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Осылайша, 2020 жылға қарай елді мекендердің 51%-ын орталықтандырылған жүйемен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ал 2022 жылға дейін 70%-ға жеткізу көзделген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер