BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Елімізде сыбайлас жемқорлық оқиғасы бір рет те тіркелмеген ауылдар бар

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Төлеп және Сарға ауылдарында бұған дейін сыбайлас жемқорлық деректері тіркелмеген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшылары осыған көз жеткізді.

Екі ауылдың тұрғындарымен кездесу кезінде мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызмет саласы, мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі және сыбайлас жемқорлық профилактикасы мәселелері сөз болды.

Шара кезінде Төлеп ауылында Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл тұрғыны «Бейнеу ауданына 45 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Ал Сарға ауылында салтанатты түрде ауылдың бұрынғы әкімі Айберген Ізбасаровқа төсбелгіні қоғам және мемлекет қайраткері Қайролла Ережепов табыстады.

Ауыл тұрғындары да қарап қалмады, өздерінің пікірін ашық білдірді. Мәселен, "Жанқара" шаруа қожалығының жетекшісі, зейнеткер Орынбасар Қиянов, өзінің шаруа қожалығын одан әрі дамытқысы келетін айтты. Алайда бұл ретте кедергі де жоқ емес, қолжетімді несие ала алмай әлек жүр. Сондықтан да, мүмкіндігінше қолдау көрсетілсе деген өтінішін айтты. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында қолға алынып жатқан ауқымды шаралардан хабардармыз және көңіліміз толады деді.

Ауылдың тағы бір тұрғыны, Бейнеу мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Айжақсы Жетпісова, ауылда сыбайлас жемқорлық деректерінің бұрын болмағанын және бұған дейін облыс орталығынан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің келмегендігін айтып өтті. Алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар жауапсыз қалмайды. Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қайролла Ережепов және Әнуарбек Бимағамбет барлық сұрақтарға уақтылы тұшымды жауап береміз деп сендірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер