BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Елбасы Жолдауы жүзеге асырыла бастады

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы жылғы Елбасының Қазақстан халқына жолдауында көрініс тапқан сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлерді құру бойынша тапсырмасы Ақтөбе облысында белсенді жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат аенттігі.

Осылайша, ағымдағы жылдың 8 қазанында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша облыстық комиссия отырысында өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сұрақтары талқыланды.

Аталған отырыста Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюросы аумақтық бөлімшелерінің басшылары сөз сөйледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жергілікті ведомствоның басшысы Мирлан Мұхамбетов өз баяндамасында соңғы екі жылдағы сыбайлас жемқорлық қылмысының статистикасын келтірді. Оның айтуынша, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа ең бейім салалар қатарына құрылыс (32 қылмыс), ауыл шаруашылығы (27 қылмыс) және білім беру саласы (13 қылмыс) кіреді.

Қылмыстық жауапкершілікке 120 адам, оның 3-уі аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдер, ал 22-сі әкімдіктердің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері болып табылады.

Өз кезегінде Агенттіктің департаменті басшысы Расул Медетов сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттарына тоқталып, қорытындысында мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын туғызатын себептер мен алғышарттарды анықтауға бағытталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдауды жүргізуге, инвестжобалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденуіне, сондай-ақ өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу мәселелеріне басты назар аударды.

Жыл басынан бері департаментпен 5 мемлекеттік органға қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында 43 тәуекел анықталып, бүгінгі күні олар жойылды.

Мысалы, Алға, Мұғалжар, Шалқар аудандарындағы мектептерде туыстық байланыстар бойынша жұмысқа қабылдау фактілері анықталды. Кей кезде, аталған жағдайлар заң талаптарын бұзбағанымен, жекелеген директорлардың мұндай іс-әрекеттері қоғам арасында әлеуметтік кикілжің тудыруы мүмкін.

Сонымен қатар, темір жол тасымалдау саласында нәтижелі жұмысты атап өтуге болады. Тексеріс шараларының қорытындысы бойынша билетсіз жолаушыларды анықтау бойынша 13 пойызда 17 факт анықталып, тасымалдаушы қызметкерлеріне 6 әкімшілік айыппұл салынды.

Отырыс қорытындысы бойынша «Астана – адалдық алаңы» астаналық тәжірибесі негізінде тұрмыстық жемқорлықты төмендетуге және әкімшілік кедергілерді жоюға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін көтеруге бағытталған «Ақтөбе – құтты мекен» жобасының тұсауы кесілді.

Жобаны әрі қарай іске асыру бойынша жобалық кеңсе құрылып, оған Агенттіктің департамент және облыс әкімдігі қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ, ҮЕҰ, бизнес қауымдастық, ұлттық интелегенция өкілдері кіретін болады. Халық пен жобалық кеңсе арасында әлеуметтік желі және сенім телефоны арқылы кедергісіз қатынас орнату жоспарланып отыр.

Облыс әкімімен комиссия отырысының қорытындысы бойынша барлық жауапты тұлғаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тапсырмалар берілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер