BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Елбасы есімін өзі қойған баламен 12 жылдан соң кездесті

2005 жылы Сыр өңірінің Қосжар ауылында дүниеге келген баланың есімін «Ерсұлтан» деп президент Назарбаев өзі қойған. Бүгінде Ерсұлтан жетінші сынып оқушысы. Жуырда Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары барысында Ерсұлтан Бақтыбаев Президентпен дидарласты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қызылорда облысындағы тілшісі.

Осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2005 жылдың 27 сәуірінде Аралға сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаевқа Қосжар ауылының ақсақалы Бақтыбай Шораев сол күні дүниеге келген немересіне есім қоюды өтінген еді.

– Нұреке, Сіздің келуіңізге қарай қуанышты болып жатырмыз. Немеремнің есімін өзіңізге қойдырсам деген ниетпен келдім, – деген болатын қария.

– Өзіңіздің жас шамаңыз қандай? – деді Президент.

– Қырқыншы жылғымын.

– Бір жылдың төлі екенбіз. Нұрсұлтан деп көбі қойып жатыр ғой, құрдастың немересінің есімі Ерсұлтан болсын!

Сол Ерсұлтан бүгінде өз мектебінде үздіктердің бірі. Есімін мақтан тұтады. Жуырда ол Сыр өңіріне келген Президентпен кездесу бақытына ие болды.

«Құрметті, Нұрсұлтан ата! 2005 жылы біздің ауылға келгенде «Балама сіздің атыңызды қояйын» деп қолқа салған атама «Нұрсұлтан бар ғой, балаңыз Ерсұлтан болсын» деп менің атымды өзіңіз қойған екенсіз. Мен сіз атаған есімге лайықты болып, еліме қорған болғым келеді. Сізге мың да бір рахмет!» деді ол Елбасымен болған кездесуде.

Елбасы Ерсұлтанға планшет сыйлады.

«Президенттің өз қолымен берген сыйлығын көзімнің қарашығындай сақтаймын. Есімімді Елбасы қойғасын, түзу жүруге, жаман болмауға тырысамын. Нұрсұлтан атаның атына кір келтіргім келмейді. Болашақта сол кісі секілді халыққа қызмет етемін» дейді жеткіншек.

Білетіндердің айтуынша, Ерсұлтанның атасы Бақтыбай – Шора бидің баласы. Ол Қосжар елді мекенінде гидротехник, кейін бас маман болып қызмет атқарған. Ақсақал өмірінің соңғы жылдары ауыр науқасқа ұшырағанына қарамастан, ауылдың ұйытқысы болған, бірлікті насихаттған.

«Бақтыбай ата 2014 жылы дүниеден өтсе де Ерсұлтан өз жауапкершілігін ұмытпайды. Ауылының, елінің арқасүйер азаматы болсам деп алдына мақсат қойған» дейді мектеп мұғалімі Мейіржан Камал.

Ерсұлтанның анасы Айнұр Ібрашева мектепте абыройлы еңбек атқаруда, әкесі Ғабит Шораев балық өсіру питомнигінде жұмыс істейді. Отбасыда төрт бала бар.

«Атасы Ерсұлтанды ерекше жақсы көрді. «Бұл балам түбінде бір жерден шығады» деп отырушы еді. Қазір атасы да, әжесі де дүниеден озды. Ерсұлтанның арманы көп. Президент те, дәрігер де болғысы келеді. Сосын әкесі екеуімізге «Өскенде сіздерді қажылыққа апарамын» дейді. Оның жақсылық ойлайтыны атасының тілегі мен Елбасының үмітінен бе деп ойлаймын» дейді анасы Айнұр.

«Ата-әжесі «Бұл – Елбасының баласы» деп үнемі айтып отыратын. Ерсұлтан өжет болып өсуде. Көпшіліктің алдында еңсесін тік ұстап сөйлейді. Ерсұлтанның туған ағасы Қырымбектің болашағына да үмітпен қараймыз. Оның есімі Қызылорда облысы әкімі құрметіне қойылған. Қырымбек Көшербаев та қайбір жылы біздің ауылға келгенде осы екі ініме батасын берген. Ең бастысы, балалар аман болсын» дейді Ерсұлтанның тәтесі Әйкерім Бақтыбайқызы.

Фото: Автор (2 дана)

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер