BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Екібастұздағы атышулы оқу орталығы бір жылдан кейін қолданысқа беріледі

Фото: автордан

Екібастұз қаласындағы отандық отын-энергетика сала мамандарын даярлауға арналған оқу орталығы қалпына келтіріле бастады. Құрылысы бес жыл бойы тұралап қалған нысанның ғимараттары, сонымен қатар, инженерлік желілері түгел жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Орталық осыдан жеті жыл бұрын қолданысқа берілуге дайын еді. Бірақ, бүгінге дейін сот даулары мен қайта есептеу шаралары жүргізілді. Арнайы құрылған жұмыс комиссиясы бірінші кезекте жерасты суларын сорып, жертөлелерді кептіруді қолға алды. Сонымен қатар, апатты деп танылған корпусаралық галереяны түгел сүріп тастады.

«Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. 2018 жылға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Алғашқы транш - 300 млн. теңге. Мердігер ұйым жұмыстарына кірісті. Бұл компания құрылыс саласында танымал. Ең бастысы, жергілікті климаттың ерекшеліктерін біледі. 10 жылдан астам тәжірибесі бар мердігер ұйым облыстық перринаталдық орталық, бірнеше мектеп пен тұрғын үйлерді салған», - дейді Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов.

Бастапқыда 700 орындық оқу орнын салуға 4,5 млрд. теңге бөлінген. Алайда, дренаждық жүйенің ескерілмеуінен жертөлелерді су басып кеткен. Жертөлелердегі су белшеден келіп, ғимараттардың іргестасын сөгіп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, нысанның батпақтың үстіне салынғаны белгілі болды. Оған қоса, 10-нан астам оқу корпусының төбелері, бұған дейін дайын болған электр және жылу желілері істен шықты.

Жалпы, корпустар орналасқан шағын аудан аумағының дренаждық жүйесі реттелді.

«Біз Екібастұз қаласындағы 9-шы шағын ауданның дренаждық жүйесін, жерасты суларын құрғатып кетірдік. Қазіргі таңда 5 метрден 7 метрге дейін жерасты сулары кетті. Ықшам аудандағы үй аулалары да құрғап кетті», - дейді Екібастұз қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Абай Кәрімов.

Айта кетейік, оқу орталығының 10 корпусын түйістіріп тұрған галерея апатты жағдайда деп танылды. Сондықтан, толық бұзылған. Құрылысшылардың айтуынша, бұл жұмысты атқаруға біраз тер төгуге тура келіпті.

«Жаңа жоба бойынша бұл аумақ абаттандырылып, жолдар салынады. Галереяны демонтаждау қиын болды. Себебі, нысанның іргесі сөгіліп, төбесі құлауға шақ қалды. 15 ауыр техника жұмылдырылды», - дейді мердігер компанияның басшысы Мұхтар Ичиев.

Оқу орнын қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінген. Орталық келер жылдың соңында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде «Президенттің бес бастамасында» айтылған міндеттердің бірі орындалмақ. 300 орындық жатақхана қолданысқа берілген соң, жатын орын жетіспеушілігі толық жойылады.

Еске сала кетейік, аталмыш орталықты салуды Мемлекет басшысы сонау 2006 жылы тапсырған. Нысан 2008 жылы ашылуға тиіс болған, бірақ, сақалды құрылысқа айналды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер