BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Екібастұз қаласында қоқыс сұрыптау кешені ашылады

Фото: Автор

Павлодар облысының Екібастұз аймағында қоқыс сұрыптау кешенінде монтаждық жұмыстар аяқталды Нысан жуық арада қолданысқа беріледі, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттілігін айтқан болатын. Экологиялық ахуалы тұрақсы Павлодар облысында тиісті жұмыстар қолға алынуда.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Аңсар Алешовтың мәліметінше, қоқысты сұрыптау кешені 12 бекеттен тұрады. Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаны құрайды.

«Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап, Экологиялық заңнамаға сәйкес кейбір қатты тұрмыстық қалдық түрлерін полигондарға тастауға тыйым салынады. Мәселен, қоқыс орындарына автокөлік дөңгелектері, макулатура және пластикалық заттар қабылданбайды. Сол себепті қайта өңдеу зауыттарын ашу жоспарлануда. Бүгінде Павлодар облысында құрамында сынап бар электрондық құралдар, қағаз, пластикалық қоқыс түрлерін қабылдау пункттері жұмыс істейді. Облыс орталығында 200 арнайы контейнер орнатылған. Бұл қоқыс сұрыптау кешенінен кейін тұрмыстық қалдықтар қайта өңдеуге жіберу жоспарланған. Жаңа нысан экологиялық ахауалды жақсартуға сеп болмақ», - Аңсар Алешов.

Сала мамандарының есебінше, бүгінде өндірістік өлкенің полигондарында 5,2 млн. тонна қоқыс жатыр. Тұрғындар күнбе күн шамамен 700 тонна тұрмыстық қалдықты сыртқа тастайды.

Облыстағы қалаларда сыртқа тасталатын қоқыстардың морфологиялық құрамы бірдей келеді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың 30%-ы – азық-түлік қалдықтары, 30%-ы қағаз, 13%-ы пластикалық заттар, 5%-ы шыны, 8%-ы металл және 14%-ы өзге қалдықтар.

Алдағы уақытта облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи технологиялармен қайта өңдеу оң жолға қойылмақ. Келешекте қоқысты жою барысында қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жобалар әзірленеді. Сонымен қатар, полигондарды экологиялық нормаларға сәйкестендіру жұмыстары қолға алынуда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер