BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Бітпес дау: Солтүстікте бірінің егінін екіншісі орып алған диқандар соттасып жатыр

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында бірінің сепкен егінін екінші шаруашылық орып алған. Екі ұжым басшыларының арасындағы бітпес дау сотқа жетті, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Көктемде «Бекзат - 1» ЖШС-нің директоры Марат Шәпенов «Тельман-Север» сетіктестігінің алқабына бірлескен қызмет туралы келісім-шарт негізінде, егін еккен. Ол кезде диқан кепілде тұған жердің сатылып кететінін білмесе керек. Аталған мүлік тамыз айында электрондық сауда арқылы «Болат» шаруа қожалығының иелігіне өтеді. Жердің жаңа қожайыны еш ойланбастан бітік шыққан егінді орып алған.

«Тельман-Север» ЖШС-нің мүшелері оның құрамынан шығып, өз жер телімдерін «Бекзат - 1» шаруашылығына тапсырады. Аталған шаруашылық 6 ай ішінде әділет органдарында мүлікті тіркеуге тиіс еді. Алайда, жер телімі кепілде тұрғандықтан, оны жүзеге асыру мүмкін болмаған. Жеке сот орындаушысы 10-шы шілде күні жерді электрондық саудаға шығарып жіберген. Оны естіген «Бекзат-1» серіктестігі сот органдарына шағымданған. Іс әлі қаралып жатыр», - дейді СҚО Ақжар аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Болат Төрежанов.

Алқапты сатып алған «Болат» шаруа қожалығы 2 мың тоннаға жақын астықты жинап алған. Бұл «Бекзат - 1» шаруашылығының сепкен егінінің тең жартысы. Жергілікті тұрғындар орақ кезінде алқаптарға жақындау мүмкін болмағандығын айтады. Олардың сөзіне қарағанда барлық жерге жеке күзет қызметінің бастан-аяқ қаруланған мамандары қойылған.

«17-ші қыркүйек күні күзітшілер алқаптардың барлығын қоршауға алды. Жеке күзет фирмасын жалдаған. 1000 гектар алқаптың астығын орып алған. Сатып алу-сату келісімшарты жасалғанымен, жерді олар рәсімдеген жоқ. Қабылдап-беру актісі әділет органдарында тіркелмеген. Сондықтан, олардың келісім-шартының заңды күші жоқ. Олар салықты да төлеген жоқ. Маңдай термен тапқан нан тістегеннің аузында кетпесе екен деймін. Аудандық сот аукцион протоколының заңды күші жоқ екендігі туралы шешім шығарды. Қарсы тарап мұнымен келіспей отыр. Өз құқығымды қорғау үшін барлық құзіретті мекемелерге барамын», - дейді «Бекзат -1» ЖШС директоры Марат Шапенов.

Сұхбат беруден бас тартқан «Болат» шаруа қожалығының басшылығы өз әрекетінде заңсыздық жоқ екенін айтты. Істің-ақ қарасын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Бүгінгі күні Ақжар аудандық ішкі істер бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексі бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Шыны керек, мәселеде даулы сұрақтар көп. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрс екендігі сотта белгілі болады», - дейді СҚО Ақжар аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Мұрат Нұрахметов.

Жер дауы ауыл тұрғындарын да айналып өткен жоқ. Жер үлестерінің иелері тиісті ақыны кімнен талап ететінін білмей дал.

«Жерсіз қалдық. Үлесіміз сатылып кетті. Қарапайым халық не істеуі керек? Қайда барарымызды да білмейміз. Бұл жағдайдан бірінші кезекте ауыл тұрғындары жапа шегіп отыр. Қыс жақындап қалды. Не жем-шөп, не сабан берілген жоқ», - дейді Мағжан Кәрімов.

Мал өсірумен жан сақтап отырған ауыл тұрғындары, төрт түлік қыста азықсыз қала ма деп алаңдаулы. Екі ай бойы жалғасып келе жатқан даудың қашан және қалай аяқталары әзірге беймәлім.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер