BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Биыл Көкшетауды көк түтін баспай ма?

Фото: интернеттен

«Көкшетау Жылу» кәсіпорны ауаға таралатын зиянды қалдықтарды азайту мақсатында жылу қазандығының электр сүзгілерін толықтай жаңартты. Осылайша кәсіпорын мамандары қазандықтан шығатын улы түтін залалсыздандырылатынына сендіріп отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

«Көкшетау Жылу» мекемесінің бас директоры Сергей Жуковтың айтуынша, жылу қазандықтарының жөндеуіне бюджеттен 1,5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген.

«Жылу жүйелеріндегі температуралық, гидравликалық режимдерді үздіксіз, бірқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар жөнделді. Қаладағы магистральдық жылу трассалары қайта жаңғыртылды. Бұл мақсатқа 249 млн теңге жұмсалды. РК-2 жылу қазандығындағы желілік құбырлар мен сорғыларға ағымдық жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалған. №2, 3, 4, 7 агрегаттарына демонтаж жасалды. Қатты отынның 20 күнге жетерлік қоры бар. Қалада жаңа үйлер бой көтеріп жатқандықтан, көмірмен жағылатын №1 қазандық қосымша дайындалып жатыр», – дейді кәсіпорын директоры.

Зиянды қалдықтарды азайту мақсатында кәсіпорындағы №8 бу қазандығының электр сүзгілерін жаңарту жұмыстарына 600 млн теңге қаражат бөлінген. Мамандар 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан электр сүзгінің ескіргенін айтады.

«Қыста әр сағат сайын жағылатын 28 тонна көмір қалдықтары осы сүзгіден өткізіліп, тазартылады. Мұның өз кезегінде улы түтінді залалсыздандыруға әсері мол. Жылу қазандығынан шығатын түтіннің 99,4 пайызы тазаланады. Қазіргі күні мұнда монтаждау жұмыстары аяқталды. Қолға алған шаралардың нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшері едәуір кемиді», – дейді «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас инженері Данияр Ақыбаев.

Қыс басталса қалада көк түтінге тұншығып жатырмыз деп шағымданатындар көбейетіні рас. Тұрғындардың біразы мұны жер үйлердің мұржаларынан будақтап шыққан қою түтінмен байланыстырса, енді бірі қаланы жылытатын бу қазандығынан ауаға тасталатын зиянды қалдықтардың көптігінен деп есептейді. Енді біреулер бұл жағатын көмірдің сапасыз болуынан туындаған мәселе дейді.

«Өзім тұратын үйдің тоғызыншы қабатынан қарағанда қала көк тұман астында сияқты көрінеді. Далаға шықсақ сырт киіміміз ыс сасып келеді. РК-2 бу қазандығынан шыққан қою қара түтін қаланы түгел жайлап алады», – дейді қала тұрғыны Нәзира Бектасқызы.

Мамандар көмір түтінінен ауаға күкірт диоксиді, азот диоксиді секілді аса қауіпті ластағыш заттардың таралатынын айтады. Алайда Арқаның қысының ұзақтығы мен қаттылығы тұрғындарға біршама салмақ салатынын айту керек. Әрбір үй қыстан қысылмай шығу үшін орташа есеппен 9-10 тонна көмір жағып шығады.

«Қазгидромет» Ақмола облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, желсіз ауа райы зиянды заттардың жинақталуына әкеледі. Мұндай атмосферада ауа ағындары алмаспайды. Соның салдарынан зиянды заттар жиналып, көк түтін түзіледі.

Жер үйлердің пештері мен көмір арқылы жылытылатын қазандық мұржаларынан шығатын түтін айналаны көк тұманға көміп, тұрғындардың тынысын тарылтады. Бұл жағдай жалпы қала халқына, аумақ экологиясына зиян келтіріп отыр. Тұрғындар пайдаланатын көмірдің сапасы да күмән тудыратынын айтады.

«Алты ай көмір жағамыз. Биыл шілде айына дейін пеш жақтық. Қолқаны қабатын иіс шығарса да үйді жылы ұстап тұру үшін шелектеп көмір жағуға тура келеді. Былтыр біраз уақыт қалада көмір тапшы болғаны жасырын емес. Арзан деп алған көміріміз тас аралас, күлі де көп шығады», – дейді Есімбек Тоққожин есімді қала тұрғыны.

Көкшетауда жер үйлер көп. Бәрі көмір жағады. Қаладағы жекеменшік сектордың барлығын жылу магистраліне қосуға мүмкіндік жоқ. Айталық, Бармашинода жылу трассасы мүлде жоқ.

Қала бойынша ауаны ластайтын кәсіпорындар арасында РК-2 бу қазандығы ауаға тарайтын зиянды заттар шығарып отыр. Алайда кәсіпорын басшылығы қоршаған ортаның жағдайын жақсарту үшін биыл жүйелі жұмыс жүргізілгенін, қаланың экологиялық ахуалы тұрақты екеніне сендіріп отыр.

«Қазіргі уақытта қазандықта бөлінетін газдың 88% залалсыздандыруға мүмкіндігі бар электр сүзгі орнатылған. Түтін тұрбасының биіктігі 150 метр. Жел қала орталығына бағытталған күннің өзінде зиянды газдар 130-150 метр биіктікте таралатындықтан, қаланы түтін басуы мүмкін емес», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуков.

Еліміздің экологтары Қаражыра мен Шұбаркөл көмірінде қара май тұнып тұрғанын растап отыр. Ал қаланы көгілдір отынмен қамту мәселесінің қазір шешілер түрі көрінбейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетауға газ құбырын тарту туралы жоба қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта бұл жобалар белгісіз себептермен тоқтап тұр. Соған қарағанда, Көкшеге көгілдір отын келмей көк түтін кетпейтін сияқты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер