BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Батыс Қазақстанда Көрісу күні аталып өтті

Фото: «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Бүгін Ақтөбедег ата-бабамыздан мұра болып қалған игі ғұрып – Көрісу күні аталып өтті. Сәлем мен сыйластықты жайған бұл мереке «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде де мерекеленді. Қазақтың бедерлі шапаны мен оюлы тақиясы, камзол-кәжекейі мен кимешек-жаулығы секілді ұлттық киім үлгісінде киінген үлкен-кіші салтанатқа ерекше сән бере түсті. Қария мен қартымыз, аға мен іні, апа мен әжелеріміз амандық сұрасып, қол беріп, көрісті. Бір-бірімен төс қағыстырып, жақсы тілектерін арнады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев аталмыш күннің маңызы туралы айтып, оның үлкенге бірінші келіп сәлем беру, есен-саулығын білу секілді қазақы таныммен де, мұсылманшылық тәлім-тәрбиемен де астасып жатқандығын атап өтті. Мұсылмандар арасында Алланың есендігі мен бейбітшілігін жаюды өсиет еткен Алла Елшісінің өнегесі де осы атаулы күннің амалымен орайлас. Жамағаттағы жасы үлкен ақсақалдар да бата-тілектерін айтып, ескі ғұрыптың ұмытылмай, ұлттық мереке есебінде еленуі – қазақтың қонақжайлығы мен бірлігі жарасқан ынтымағын паш ететіндігін, ауызбіршілігін нығайта түсетіндігін тілге тиек етті. Барлығы бауырсақпен шұбат ішіп, ұлттық дәмнен ауыз тиді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер