BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Атырауда Қиғаш пен Жайық өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде

Соңғы рет аталған өзендерде тереңдету жұмыстары өткен ғасырдың 80 жылдары жүргізілген болатын, деп xабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Өткен 40 жыл ішінде су тоғандарындағы су апатты жағдайға дейін төмендегенімен қоймай, Жайық өзені шамадан тыс ластанды. Кейбір телімдерде су деңгейі небәрі 40-50 см. Осыған орай, қазіргі таңда түп тереңдету жұмыстарын «Павлодар өзен порты» АҚ жүргізуде.

«1 тамыздан бері біз Шарон тармағында 3 км тереңдікте, теңізде мың метрге дейін қазу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ, экскаваторлар арқылы өзендерді көп қоқыстардан тазарттық. Қиғашта біз 480 мың текше метр жерді қазуымыз керек, осы жоспарды жылдың аяғына дейін орындаймыз», - дейді «Павлодар өзен порты» АҚ төрағасының орынбасары Мақсат Сәдуақасов.

Айта кету керек, бұл жұмыстар экожүйеге зиян келтірмейді, керісінше, түбіндегі шөгінділер өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді және балықтың өсуіне оң әсерін тигізеді.

«Қазіргі уақытта құрылғылармен судың 3-3.20 метр тереңдігін қазудамыз. Балтикалық жүйе бойынша арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі осы 2,5-3 метр тереңдік көлемінде болуы шарт. Қазу жұмыстарынан кейін топырақ немесе басқа да қалдықтар әсерінен тереңдік жойылмау үшін 20-30 см тереңірек қазып жатырмыз», - дейді телім басшысы Дидар Алипов.

Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралардың басты мақсаты – балық жүретін арналарда балықтың жойылып бара жатқан бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар өзен ортасының биологиялық алуан түрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ мелиорация және өзен арналарын тереңдетуге бағытталған.

Шортанбай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Зұлқарнаевтың айтуынша, аталған жұмыстар басталған кезде тұрғындар тарапынан: "қазып жатырған жердегі судың қалдықтары мал жайылатын жерлерге кесірін тигізбей ме?" деген сауалдар туған. Олар өзеннің суын ауыл шаруашылық мақсаттарында пайдаланады, атап айтқанда, малды суарады және жем дайындайды.

«Бұл балық жүретін өзек. 126 шақырымды өзінің уақытында тазалай алса алға қарай елді-мекенімізде, ауданымызда балық өнімі көбейеді деген ойдамыз. Бұл жұмыстар қазіргі кезде балық өсуге кедергі келтірмейді. Керісінше, тұрғындар атынан жылдар бойы кедергі болған мәселені шешуге көмектесіп жатырған облыс басшылығына алғыс айтамыз.Тек жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақтың тазалығын тексеріп, қадағалап отыратын бір мекеме құрылса дейміз», - деп халық сұранысын білдірді ардагер Саясат Зұлқарнаев.

Айта кетейік, Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша іс-шаралар 2017-2020 жылдар аралығында төрт жылға созылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер