BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Алматы облысында қант қызылшасының француздық және неміс тұқымы сатып алынды

Шаруалардан қабылданған қант қызылшасын өңдеу аяқтала салысымен, биылғы жылдың 8 қаңтарында басталған жаңғырту жұмыстары Ақсу қант зауытында әлі де жалғасып жатыр. Биыл жаңғыртудың бірінші кезеңінде зауытта технологиялық құрал-жабдықтар жаңартылады. Атап айтқанда, жаңа центрифугалар, вакуумдық аппараттар, фильтрлер және басқа да қажетті жабдықтар қойылады. Жалпы 3 жылға белгіленген кәсіпорынды жаңғырту жұмысына 12 млрд теңге инвестиция бағытталмақ, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Алматы облысының баспасөз қызметі Ақсу қант зауытының өндірістік қуаты 12 мың тоннаны құрайтынын мәлімдейді. Өткен жылы қазан айында іске қосылған зауытта осы маусымда 67 797 тонна қант қызылшасы өңделіп, 4 мың тонна қант алынған.

Ақсу қант зауытының директоры Мұрат Төлегеновтің айтуынша, биыл жаңғыртудың бірінші кезеңінен кейін 140 мың тонна тәтті түбір өңдеуге мүмкіндік тумақ. Зауытта жомды сығып, қаптайтын технологиялық желінің орнатылып, іске қосылатыны осы жылдың басты жаңалығы болмақ.

«Біз жомды сығып, қаптайтын италиялық құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Егер бұрын жом 4 айдан артық сақталмайтын болса, аталмыш технологиялық желіні сатып алғаннан кейін бұл пайдалы мал азығы бір жылға дейін сақталынады. Қазір Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында біздің дайын өнімдерімізді сатып алуға ниет білдіріп отырған сүт тауарлы фермалар, шаруа қожалықтары бар. Тауар өткізу нарығын одан әрі кеңейту де ойымызда. Сонымен қатар, зауытта биыл салмағы 25 пен 50 келілік қанттарды қаптайтын 3 заманауи желі іске қосылады. Сондай-ақ, құрал-жабдықтарды жаңғырту мен жаңасын орнату жұмыстары да жүріп жатыр. Атап айтқанда 5 центрифуга, вакуумдық аппарат, фильтрлер, шырындар жиынтығы және т.б. Оларға басқарудың автоматты жүйесін енгіземіз. Бұл зауыттың барлық жұмыстары туралы ақпараттарды компьютер экранына жолдап отыруға, адами факторды болдырмауға мүмкіндік жасайды», - деді М. Төлегенов.

Оның айтуынша, қазір зауытта 190 адам еңбек етеді, көктемгі-жазғы маусымда 250-280 адам, ал маусымына 600 адам жұмыс істейді. Облыстың қант қызылшасын өсіруді бұдан әрі дамыту жоспарларын айта келе облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров өңірдің көктемгі егіске дайын екенін атап өтті.

«Қант қызылшасының француздық және неміс тұқымы сатып алынып, сараптамадан өткізілуде. 1 сәуірден бастап бұл тұқымдар шаруаларға беріле бастайды. Сол сияқты биылғы жылы солярка жеңілдікпен беріледі. Биылғы жылы өңірде қант қызылшасының алқабын 12 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ақсу қант зауытының бұдан кейінгі жұмысына келетін болсақ, биылғы жылы қыркүйекте қант қызылшасын қабылдауды бастап, жаңғырту жұмыстары аяқталатын қазан айынан өңдеу ісіне кіріседі», - деді С. Бескемпіров.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер