BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ақтөбелік жастар келер жылдан үмітті

Фото: Автор

Ақтөбе жастары «Жастар жылының» тың идеялар мен жаңа өзгерістерге толы болатынына сенімді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов пікірін білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Ақтөбе облысында жастар саясаты басқармасы шілдеде қайта құрылды. Өңір жастарымен бірге қазір үлкен жұмыстар атқарылуда. Жағдай да жасалып жатыр. Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 100 түлекке грант тағайындады. ҰБТ-да үздік шығып, алайда, мемелкеттік грантқа түсе алмаған ақтөбелік түлектер инженер, дәрігер, IT-технология мамандықтарын алып шығады.

«Барлық жастарды 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануымен құттықтаймын. Қазіргі жастар – ертеңгі ел болашағы ғой. Мемлекет басшысының тарапынан ел болашағына деген үлкен сенім және құрмет деп білеміз. Өңірімізде 208 мың астам 14 пен 29 жас аралығындағы азамат бар. Облыс бойынша барлық аудандар мен облыс орталығында жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. «Жастар жылында» бекітілген бюджетімізге сай жұмыс атқарамыз. Әлеуметтік тапсырмалар бекітілді. Елге, жерге, мемлекетке деген патриоттық сезімді қалыптастыру, жас кәсіпкерлерді қолдау, еріктілер қозғалысын дамытуға арналған жоспарлар жасалды», - деді Нұрлан Күнтуов.

2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы атап өтіледі. Осыған орай, шығармашыл жастар үшін «Менің көшем, менің қалам, менің елім» атты сайыс өтеді. Шаһарына, өңірі мен еліне деген махаббатын жеткізгісі келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Ақтөбе облысында 20-ға жуық еріктілер ұйымы бар. Мыңнан астам азамат мүше.

«Еріктілер қызметі үлкен жүректі, өзге жанға деген сүйіспешілікті талап етеді. Ерікті жастарымызды қолдау үшін алдағы жылы «Ақтөбе – позитив лайф» форумын өткіземіз. Республикадағы еріктілердің басын қосужы жоспарлап отырмыз. Жуырда Алматыда өткен ТМД елдерінің белсенді жастары қатысқан шарада облыс делегациясы, «Ұлттық волонтерлық жүйе» деп аталатын қоғамдық ұйымдар қауымдастығымен және «Лига волонтеров» республикалық ұйым басшылығы арасында келіссөздер жасалды. «Лива волонтеров» республикалық ұйымының филиалы алғашқылардың бірі болып Ақтөбеде ашылады. Ауыл жастарымен жұмыс биыл басталды. Алда «Құқықтық, діни сауаттылық – ішкі тұрақтылықтың кепілі» атты шара өткіземіз. Танымал, өңірге еңбегі сіңген, түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесулер болады», - деді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер