BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Ақтөбелік тұрғын сәбиінің сал болып қалғанына дәрігерлерді кінәлайды

Фото: novosti.kr.ua

Ақтөбелік Эльмира Құлманова 11 айлық баласының сал болып қалғанына дәрігерлерді кінәлайды. Ол Ақтөбе облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасында сәбиінің жұлынынан сұйықтық алған реаниматолог-дәрігердің үстінен облыстық прокуратураға шағым түсірген, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жаңа жылдың алғашқы күнінде сәбиінің денсаулығы күрт нашарлап, аузы дірілдеп, оң жақ қолы құрыса бастағаннан кейін ақтөбелік Эльмира Құлманова жедел жәрдем қызметін шақыртқан. 6 айлық Самғат Қолбайды алдымен қалалық балалар ауруханасына, кейін облыстық клиникалық инфекциялық аураханаға жеткізген. Қойылған диагноз – «герпесті менингоэнцефалит». Эльмира Құлманованың сөзінше, облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасында балаға уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген. Медбикелер үш күн бойы Самғатқа тыныштандыратын дәрі еккен. Невропатолог-дәрігер де 2 күннен кейін келген.

Фотосурет: Автор

«Балам қатты ауырған соң реанимацияға түстік. Реаниматолог-дәрігер баланың жұлынынан сұйықтық алу керектігін айтты. Дәрігер Жылқыбаев мені ештеңе ескертпестен сыртқа шығарып жіберді. 15 минуттан кейін ішке кіргенімде балам қатты әлсіреп қалған», - дейді Эльмира Құлманова.

30 жастағы келіншке 6 айлық нәрестесінің денсаулығы жұлыннан сұйықтық алғаннан кейін ушығып кеткенін айтады. Ол мәселені толық түсіндірмей, бірден іске кіріскен реаниматолог-дәрігерді кінәлайды. Себебі, кішкентай Самғаттың 6 айлығына дейін денсаулығында кінәрат болмаған, ауытқулар да байқалмапты. Уақытылы тиісті екпелерін алып келген.

«Балам 11 айға толды. 6 айлығынан бастап балам еңбектеп, отырып жүрді. Диагнозды кейін білдім: вирусты менингоэнцефалит екен. 12 күннен кейін ұлым облыстық және қалалық балалар ауруханасында кезек-кезек ем алды. Үйге шыққаннан кейін де нәрестенің ауыруы жиіледі. Жедел жәрдем қызметі апарған ауруханалардың қызметкерлері баламды қабылдамады», - деді ақтөбелік Эльмира Құлманова.

11 айлық Самғат Қолбайды анасы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалындағылардың кеңесімен «Үміт» сәбилер үйіне тегін ем қабылдау үшін уақытша тапсырған. Сол жақтың жолдамасымен қазір «Дару» оңалту орталығында емделіп жатыр. Алайда анасы баласында еш нәтиже байқалмайтынын, қол-аяғы қозғалмайтынын айтады. Эльмира баласының сал болып қалуына дәрігерлерді кінәлап, сотқа да, облыстық прокуратураға да шағым түсірген. Қалалық сот Эльмира Құлманованың «кінәлі тарап баламды Оңтүстік Кореяға апарып емдетсін» деген арызын өндірісте қараудан бас тартқан. Ал, дәрігер баланың ауруының асқынуына бойындағы туа бітті жұқпалы вирустың ықпалы болуы мүмкін деген пікірде.

«Балаға «Герпесті менингоэнцефалит» диагнозы қойылған. Негізінен біз 18 жасқа дейінгі балалардың жұлынынан ата-аналарының рұқсатынсыз сұйықтық ала алмаймыз. Самғат Қолбайдың анасының дәрігер ауызша келісімін алған. Анасы ауызша келісім бергеннен кейін жазбаша келісім беруден бас тартты. Дәрігердің қатесі жазбаша келісім алмағандығында. Баланы мен 2-3 апта бұрын көрдім. Үміт сәбилер үйінен ауруханамыздың инфекционист-дәрігеріне кеңес алу үшін алып келген. Бала жақсы дамып келе жатты», - деді Ақтөбе облыстық клиникалық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева.

Эльмира Құлманова баласының денсаулығының күрт нашарлауына тікелей қатысы бар деген реаниматолог-дәрігер Табынбай Жылқыбаев қазір кезекті еңбек демалыста. Ол сол кезде шұғыл әрекет етуге тура келгенін айтады. 40 жылға жуық медицина саласында тәжірибесі бар дәрігер облыстық инфекциялық ауруханада 25 жылдан бері қызмет етеді. Оқиғадан кейін қатаң сөгіс алған.

«Кейде шұғыл әрекет етуге тура келеді. Мен анасынан ауызша келісім алдым. Тек айтарым, ешқашан жұлыннан сұйықтық алғаннан аурудың асқынуы болмайды. Тәжірибеде жоқ. Самғат Қолбайдың анасын кінәламаймын. Сотқа, прокуратураға арыз жазғанын естідім. Шақыртып жатса барамын», - деді Ақтөбе облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың реаниматолог-дәрігері Табынбай Жылқыбаев.

Ақтөбелік келіншектің облыстық прокуратураға жазған шағымы облыстық ішкі істер департаментіне жолданған. «Үміт» сәбилер үйі мамандарының сөзінше, баланың айығып кетуіне мүмкіндік бар. Ол үшін оңалту емдерін толық қабылдауы керек.

«Баланың қазіргі жағдайы жаман емес. «Дару» оңалту орталығында емделіп жатыр. Бізге келгеннен кейін массаж алып, невропатолог-дәрігерлердің емін алды. Бала қазір көмекпен отырады. Еңбектейді. «Вирусты менингоэнцефалиттен кейінгі жағдай» диагонозы қойылған», - деді «Үміт» сәбилер үйінің бөлім басшысы Нұргүл Сарманова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер