BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық көрген әйелдер түрмеден шыққандармен бір ғимаратта тұрып жатыр

Фото: Автордікі

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арнап өңірде ашылған арнайы бөлімде 8 әйел тұрып жатыр. 4 бала бар. Жолдасынан, балаларынан жәбір көріп, қалаға пана іздеп келген нәзік жандылардың дені - аудандардан, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған бөлім жұмысын жыл басында бастаған. Алайда, мұнда өткен жылдың соңынан бері тұрып жатқандар бар. Күйеуінің жұдырығынан қашып, балалары бас тартқан әйелдер осы жерден пана тапқан. Жас шамалары әртүрлі. Кейбір келіншектің етегінен ұстаған 2-3 баласы бар. "Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың" бір бұрышында қазір 8 әйел тұрып жатыр.

«Бұған дейін Ақтөбеде мұндай орталықты жеке кәсіпкер ашқан болатын. Мемлекеттік мекеме ретінде біздің орталық ашылды. Республикалық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөлінді. 20 орынға арналған. Балалы әйелдер тұрып жатыр. Бір қиыны балалар ойнайтын жер жоқ. Өзге өңірлерде мұндай орталық бөлек ғимаратта орналасқан. Сондықтан, балаларды саябаққа, арнайы балалар алаңына ойнауға апарып тұрады. Орталықтағы әйелдердің арасында күйеуі соққыға жыққандар, балаларынан таяқ жегендер, баспанасынан айырылғандар, балалары бас тартқандар бар», - деді Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық директоры Сабырғали Дәулетов.

Жолдасынан, балаларынан жәбір көрген нәзік жандылардың дені - аудандардан. Ақтөбенің Алға ауданынан қалаға қашып келген Гүлсім Жиенбаева осында тұрып жатыр. 39 жаста. Ойыл ауданының тумасы 61 жастағы алғалық азаматқа тұрмысқа шыққан. 3, 6, 17 жастағы балалары бар. Үлкені қазір өзімен бірге. Қалған екеуін уақытша интернатқа орналастырған. Демалыс күндері қасына алып келеді. Жолдасы 5 жыл бойы үздіксіз сабап келген. «Жүкті кезімде де аямады» деп отыр. Бар тілегі уақытша болса да баспана тауып, балаларымен бірге тұру. Баспанасы болмаса балаларын күйеуі тартып ала ма деп қорқады.

«Ешкімім жоқ. Ата-анам болса бұлай әркімнің көңіліне қарап, кез-келген жаннан сөз естіп жүрмес едім. Күйеуім 5 жыл бойы ұрып келді. Пышақтан да қалдым. Екі рет қылғындырып, әрең құтылып шықтым. Балаларымды қысты күні далаға лақтырып тастайтын. Үлкен ұлыммен әрең құтылатынбыз. Биліктен көмек сұраймын. Уақытша болса да балаларыммен бірге тұратын пәтер тауып берсе. Үш баламның басын қосып отырғым келеді», - деді Гүлсім Жиенбаева.

Орталықта 2 жатын бөлмесі бар. Әзірге арнайы асхана қарастырылмаған. Балалар үшін ойын бөлмесі де жоқ. Мұнда келіншектер жарты жылға дейін тұра алады. Зорлық-зомбылық құрбандарымен психолог жұмыс жасайды. Заңгерлер құжаттарын жасауға көмектеседі.

Орталық директоры Сабырғали Дәулетов «болашақта барлық жағдай жасалады» деп отыр. Алайда, мұндағылар қазір тұрақты мекені жоқ қаңғыбастармен бір ғимаратта тұрып жатыр. Есіктері бөлек болса да қорқыныш көп.

«Ғимарат екі бөлікке бөлінген. Арғы жақ бөлігінде тұрақты мекені жоқ тұлғалар тұрады. Араларында түрмеден шыққандар да бар. Қаңғыбастар тұрады. Біздің бөлімшеге орналасқысы келетін әйелдер көп. Бірақ қорқады келуге», - деді Сабырғали Дәулетов.

Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығында тұрақты мекені жоқ 41 адам тұрады. Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарының тумалары. Барлығы - қазақ ұлтынан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер