BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Ақтөбе облысында әлеуметтік нысандар отынмен толықтай қамтамасыз етілді

Фото: aktobegazeti.kz

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстарының өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі aktobegazeti.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дастан Аманов баяндағандай, дайындық жұмыстары аясында биыл облыс бойынша 586 қазандық, 238,9 шақырымдық жылу желілері, 482,3 шақырымдық сумен жабдықтау және су тарту желілері, 272,9 шақырымдық электрмен жабдықтау желілері, 1 590 әлеуметтік мекемелер мен 2,5 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үйлер жөнделген.

«Отын қорына келер болсақ, барлық әлеуметтік ғимараттардың автономды қазандықтары көмірмен толықтай қамтамасыз етілді. Облыс халқының көмірге деген қажеттілігі 40 880 тоннаны құрайды. Бүгінде осы көлемнің үштен бірі іс жүзінде жеткізілді», - деп мәлімдеді Дастан Аманов.

Сондай-ақ коммуналды кәсіпорындардың басшылары мен аудан әкімдері де бейнебайланыс арқылы қысқа дайындықтары туралы баяндады.

Бердібек Сапарбаев көмір жеткізуді барынша жылдамдатып, қатты отынның кем дегенде айлық қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

«15 қазанға қарай барлық ғимараттар мен қызмет көрсету орындары жылу беруге толықтай дайын болулары керек. Сондай-ақ, осында отырған монополист компаниялардың өкілдеріне айтарым: Елбасының тапсырмасы бар – өздерінің инвестициялық міндеттемелерін тарифке қосатындардан сұраныс қатты болады. Өз міндеттеріңізге алдыңыздар ма – тұтынушылардың мойнына артпай, өздеріңіз орындаңыздар», - деп атап өтті облыс әкімі.

Жалпы, облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары қалыпты жағдайда өтуде.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер