BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Ақмолада студенттерге 11 жатақхана салынады

Фото: ашық дереккөзден

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы бойынша Ақмола облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында студенттерге 11 жатақхана салынады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тiлшiсі.

Мамандардың сөзінше, облыста студенттерді жатақханамен қамту мәселесі алдағы екі-үш жылдың ішінде толық шешілуі тиіс. Себебі оқу орындары Елбасы көтерген бес бастаманың аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бойынша жаңа жатақханалар тұрғызбақ. Қазір соның жобасы әзірленіп жатыр.

«Қазір аймақтағы студенттердің 80 пайызы жатақханамен қамтылған. Облыс бойынша 38 колледжде 24 жатақхана бар. Онда 5 жарым мыңнан астам студент тұрады. Жоғары оқу орындарына жеті жатақхана қажет. Өңір басшысының тапсырмасымен алдағы жылдары облыста студенттерге 11 жатақхана салынады деп жоспарланған», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова.

Өңірде студенттер көп шоғырланған қала – Көкшетау. Мұнда 4 жоғары оқу орны мен бірнеше орта арнаулы білім ошақтары бар. Облыс орталығында жатақханаға мұқтаж студенттердің басым бөлігі – ауыл жастары. Қазір қаладағы оқу орындарында бас-аяғы 7 жатақхана ғана бар. Барлық студентті жатақханамен қамту үшін тағы 8 ғимарат қажет.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, оқу орнындағы үш мың студенттің 1310-ы жатақханада тұрады.

«Мемлекеттік грантты 54 мыңға қосымша 20 мың грант қосу жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік дер едік. Студенттерге 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды жүзеге асыру, әрбір студент жастың алаңсыз жан-жақты білім алуына жағдай жасайды», - дейді проректор.

Аталған оқу орнының бес бірдей жатақханасы болғанмен, әлі 1 мыңға жуық студент пәтер жалдап жүр. Сондықтан оларға жаңа жатақханалар керек. Білім және ғылым министрлігіне 500 орындық 2 жатақхана салу бойынша ұсыныс жолданған.

«Алдағы оқу жылында медициналық факультеттің ашылуымен жатақханаға мұқтаж студенттер 1 мың адамға артуы мүмкін. Оқу орнындағы 5700 студенттің 4500-і ауылдан келген жастар. Салынатын жатақханалар заман талабына сай, студенттер үшін барынша қолайлы болуына баса назар аудару қажет», - дейді А.Сейітқасымов.

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың айтуынша, оқу орындары студенттердің барлығын жатақханамен қамти алмайды. Сол үшін әр оқу орны өзінің ішкі ережесіне қарай әрекет етеді.

«Жатақханамен бірінші кезекте алыс ауылдан келгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар және мүгедектер грантқа түскен бірінші курс студенттеріне беріледі. Әрине, жетсе бәріне беріледі. Жетпесе, студент баспана мәселесін өзі шешуіне тура келеді»,–дейді Ғ.Бекмағамбетов.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыс орталығындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі жастарына арналған 320 орындық жатақхана құрылысы қолға алынбақшы. Жоғары техникалық колледжі жалпы 600 орынды қамтитын 9 қабатты екі корпусты жатақхана салуды жоспарлапты. Ал, Біржан сал атындағы музыкалық және Ақан сері атындағы мәдениет колледждері 150 және 300 орындық тоғыз және бес қабатты жатақханалар тұрғызуды жоспарлауда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер