BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Ақмолада 200-ден аса әскерге шақырылушы іздеуде жүр

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Ақмолада 200-ден аса әскерге шақырылушы іздеуде жүр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

Ақмола облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Қасымовтың айтуынша, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап аймақта 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды күзгі әскерге шақырту науқаны жүргізілуде.

22-24 қазан аралығында 200-ден аса бозбала әскерге шақыртылған. Жергілікті әскери басқару органдарының есебінде 28 мыңнан аса адам тіркелген. Оның 4 мыңнан астамы әскери борышын өтеуі тиіс.

«Өкінішке орай, Отан алдындағы парызын өтеуден жалтаратындар да бар. Әскери комиссияға келмейтіндер көп. Бүгінгі күні 233 адам іздеуде жүр. Түрлі себептермен облыс аумағынан шығып кетіп немесе бір ауданнан екінші ауданға көшкенде военкоматқа ескертпейтіндер көп. Мұндай тұлғалардың тізімі жергілікті полиция қызметіне жіберіледі», – дейді Руслан Қасымов.

Оның айтуынша, бақылау комиссиясының құрамындағы қорғаныс департаменті мамандарынан бөлек шақырылған мемлекеттік қызметкерлер облыстық комиссия жұмысының әділ өтуін қадағалайды.

«Отан қорғаушылар жоғары адамгершілік принциптерге бағынуы, ал Қарулы күштер жемқорлықтан ада болуы тиіс. Сондықтан да комиссия жұмысының барынша ашық болуы маңызды. Осы орайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментпен тығыз байланыс орнатылған. Арнайы мониторингтік топ мүшелері медициналық және әскери комиссияның қоғамдық бақылаушы ретінде қатысады. Бұл жұмыс облыс аудандарында да қолға алынған. Қарулы күштерде құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға арналған «Әскерде қылмысқа жол жоқ!», «Әскерге шақыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» акциялары өтуде, – деп түсіндірді Р.Қасымов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер