BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

90-шы жылдары аты жер жарған Майқұдықтың бүгінгі бейнесі қандай?

Тоқырау жылдары атынан ат үріккен Майқұдықты еліміздің әрбір екінші тұрғыны білді десек қателеспеспіз. Бір кездері Қарағандының ең қауіпті аймағы болған Майқұдықтың қазіргі бейнесін Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі біліп қайтты.

Майқұдық немесе жергілікті халық арасында «макен» деген қысқаша атаумен белгілі аудан Қарағандының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Кеншілер қаласына іргелес жатқан Майқұдық бірнеше ықшам ауданнан тұратын, халық тығыз қоныстанған аймақ. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұл жерде саман үйлер мен барақтардан тұратын шағын ауыл болған деседі. Отызыншы жылдары мұнда орыстар, шешендер мен немістер, украиндар мен эстондықтар көптеп қоныс аударылады. Көмір бассейнін игеруге байланысты Майқұдықта бес қабатты «хрущевка» үйлер көптеп салынып, шағын кентке айналды. 1970 жылдардан бастап мұнда басты көшелер мен магистралдар тұрғызылды, трамвай жолы тартылды. Мәдениет үйі салынып, кинотеатр пайдаланылуға бірілді. Осылайша, Майқұдық кеншілер қаласының ажырамас бөлшегіне айналды.

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін орыстар, немістер мен шешендер және тағы да басқа өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қайыра көше бастады. Пәтерлерін сата алғандар сатып, сата алмағандар солай тастап кете берді. Майқұдықтың көптеген үйлері есік-терезесі аңырап, бос қалды. Тоқсаныншы жылдары елдегі дағдарыстың салдарынан жұмыссыз қалған жастар осы қаңыраған үйлерді жағалап, ішімдік ішіп, анаша шекті. Өткен-кеткенді тонап, төбелесіп, кісі өлімі жиіледі. Міне, осылайша «макен» Қарағандының ең қауіпті қылмыстық ауданына айналды. Есірткі саудасы, нашақорлар мен маскүнемдер, төбелес пен ұрлық, зорлық-зомбылық пен жезөкшелік тұрғындардың күнделікті еститін, көретін, үйреншікті көрінісіне айналды.

Көз көргендердің айтуынша, сол уақытта Майқұдық өз заңымен өмір сүрді. Мұнда әлсіздер мен қорқақтарға орын болмады. Майқұдықтың төменгі жағы болып саналатын 12, 13, 14, 15 шағын аудандарының жастары топ-топқа бөлініп, өзара қырық пышақ болып жататын. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс, Михайловка, Пришахтинск сияқты басқа ықшам аудандарының тұрғындары Майқұдыққа баруға жүрексінетін. Себебі мұнда сырттан келгендерді ұрып соғып, үстіндегі бір киер киімін тартып алатын.

«Тоқсаныншы жылдары студент едік. Майқұдыққа барсаңыз киімсіз қалатынсыз, тіпті денсаулығыңыздан да айырылып қалуыңыз мүмкін еді. Жалғыз барсаңыз міндетті түрде ұрып кететін. Күндіздің өзінде аулаларда жігіттер топ-топ болып жиналып отыратын. Әрбір шағын ауданның өз заңы, «бандасы», «атаманы» болатын. Күн сайын «макенде» ұрып кетіпті, тонап кетіпті, өлтіріп кетіпті дегенді естіп жататынбыз. Сондықтан да Майқұдықта тығыз шаруамыз болмаса, бармайтынбыз», - дейді Айдос Жанайдаров.

Тұрғындардың айтуы бойынша тоқсаныншы жылдары Майқұдықта тіпті, ұйымдасқан бандалар да болған, олар өздерінің «аудандарын» ұстаған. Өздерін «мамлюки», «манголы» деп атаған бандалар мектеп оқушыларына ақша жинатқызып, қас қарая тұрғындарды тонап, төбелес ұйымдастырған.

«Бұрындары әрине қорқынышты болатын. Талай таныстарымыз құндыз бас киімдерін, әмияндарын ұйымдасқан «бандаларға» өз еріктерімен беріп кеткендіктерін еститінбіз. Майқұдықтың төменгі аудандандарында тіпті күндіздің өзінде жалғыз жүруге қорқатынбыз. Гараждардан, үйлердің қуыс-қуыстарынан алыс жүретінбіз. Қазір Майқұдық бұрынғыдай емес, біршама тынышталды. Дегенменде, қас қарая далаға шықпауға тырысамыз», - дейді 14 шағын ауданның тұрғыны Роза Оспанқұлова.

Міне, осындай өзіндік қатал заңдылығы бар Майқұдықта тек күштілер мен жүректілер басқадан таяқ жемей, тоналмай жүре алатын. Сондай жігіттірдің бірі Геннадий Головкин еді. Қазақтың мақтанышы Гена Майқұдықтың ең қауіпті аудандарының бірі болып саналатын 13 ықшам ауданында дүниеге келген. Оның боксшы болуына дәл осы Майқұдықтың өз ықпалы бар. Генадан «боксты не себепті таңдадың?» деп сұрағанда, «мен Майқұдықтанмын ғой» деп әзілдеген екен.

«Мен өскен қала өте қауіпті болатын. Біз достарымызбен футбол стадионына, бокс залына барған сайын төбелесіп қайтатынбыз. Егер басқа көшеден барсаң, міндетті түрде төбелесуге тура келетін. Сол уақыттары, біздің бала кезіміз 90-жылдар қиын болды. Жасым 11-12 де бола тұра өзімнен біршама үлкен жігіттермен де төбелестім. Менің балалық шағым осындай болатын. Көшеге шыққан соң, кімнің мықты екенін дәлелдеп, өзіңді көрсетуің керек болатын. Бұл өте қиын әрі қауіпті болды», - дейді чемпион бала кезін еске алып.

2000 жылдары ауылдан қалаға жұмыс іздеп сабылғандар Майқұдықтың бос тұрған үйлеріне көшіп келе бастады. Міне, осыдан кейін бұл аймақтың жаңа дәуірі басталды деп айтсақ болады. Қаңырап тұрған үйлерге жан бітті. Бюджеттен қаржы бөлініп инфрақұрылым ретке келтірілді, жолдар жөнделіп, шамдар орнатылды. Бір кездері тас қараңғы көшелер жарқырай бастады. Тұрғындарға арналып су жаңа емхана, мектеп салынды. Жаңадан сауда үйлері, саябақтар, спорт кешендері, демалыс орындары пайдаланылуға беріле бастады. Қазіргі уақытта бір кездері Майқұдықтың қауіпті аудандарының бірі болып саналатын 14-ықшам ауданында жасөспірімдерге арналып «Дене-тәрбиесі мен сауықтыру» орталығы салынуда. 2017 жылы көктемде ашылады деп жоспарланған орталыққа Геннадий Головкиннің аты берілмекші. Тұрғындардың бос уақыттарын пайдалы өткізуге арналған кешен халыққа тегін қызмет көрсетеді.

«Майқұдықта дене тәрбиесі-сауықтыру орталығы «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы бойынша салынуда. Кешен, бірінші кезекте халыққа дене тәрбиесі-сауықтыру сабақтарын ұйымдастыруға арналған. Барлық залдар мен секциялар тегін негізде жұмыс істейді. Жоба спорт залдарын, бассейн, бокс залы, ауыр атлетика, екі футбол алаңын қамтиды. Кешенді пайдалануға беру спортпен шұғылданатын тұрғындар санын 1500-ге арттыруға ықпал етеді», - деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев.

Тоқсаныншы жылдары Қарағандының қылмыс көп болатын ауданы саналған Майқұдық қазір біршама тынышталған. Бір кездері «макенді» ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағандар бүгінде қырықтың қырқасынан асып, ата-ана атанды. Өз өмірлерінің қайталанбауын тілеген олар балаларының жамандыққа үйір болмауын ойлайды. Ұлдарын спорттық секцияларға беріп, әлемге әйгілі Геннадий Головкиннің Майқұдықтан шыққанын айтады, үлгі етеді.

«Жігіттік шағымызда Майқұдықтың дүрілдеп тұрған кезі еді. Мұнда жалғыз жүру қауіпті болды. Сондықтан да ауданның балалары топ-топ болып бірігіп жүретінбіз. Қазір болса Майқұдық адамдар тұруға ыңғайлы жерге айналып келеді. Қылмыс азайған. Бұрынғыдай өлтіріп кетті, жоғалып кетті дегенді қазір естімейміз. Алайда, түнде ұрлық, тонау сияқты қылмыстар әлі де болса болып тұрады. Уақыт өте келе бұл да азаяр деп ойлаймын», - дейді Руслан Серіков.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер