BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

89 жастағы ақсақал Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ағасының жерленген жерін тауып алды

Атырау қаласының тумасы, 89 жастағы Зейнолла Бозтаев Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ағасының жатқан жерін тапты. 74 жылдан кейінгі «кездесу» Киевте болды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Байдолла Усов соғысқа 1942 жылы аттанып, Одессе қаласының түбінде қайтыс болған. Елді ерлікпен қорғаған азаматтың сүйегін жуырда Павлодарда өткен халықаралық іздестіру жасақтарының өкілдері тапты.

«Байдолла шаңырағымыздың кенжесі болатын. Ағам 18 жасында майданға сұранып, әскер қатарына қабылданды. Кейін байланысымыз үзіліп, 74 жыл бойы бірде-бір хабар келмеді. Арманым биыл ғана орындалды. Жергілікті іздестірушілермен тығыз байланыс орнатқан украиналық азаматтарға айтар алғысым зор», - дейді Зейнолла Бозтаев.

Байдолла Усов төрт айлық әскери-жаяу училищесін тәмамдағаны белгілі. Ақсақалға көмек қолын созғандардың қатарында Мәскеудегі қазақ қоғамының өкілі, іздестіруші Асылбек Төлешев бар. Жауынгердің әскери қызметі туралы мәліметтердің барлығы Орынборда сақтаулы болып, кейін мұрағатқа тапсырылған. Мағлұматтардың жоғалып кетуіне осы жайт себеп. 1942 жылы аға сержант шенінде болған Байдолланың Курск шайқасына аттанғаны және жарақат алғаны туралы хабар келген. Сол кезден бастап байланыс үзілген.

Укранинаның Харьков қаласындағы қазақстандық жерлестер қоғамының төрайымы Макка Қаражанованың айтуынша, іздестіру жұмыстары әскери органдар мен мұрағаттарда жүргізілген.

«Үш апта бұрын жергілікті газетте Украинада қаза болған жауынгерлердің тізімі жарияланды. Зейнолла ата ағасының аты-жөнін осы басылымнан оқыған. Байдолла Усов 1944 жылдың екінші маусымында гиспитальда көз жұмған. Одесса облысындағы Гросулов ауданының Богословка ауылындағы зиратта жерленген. Моланың нөмірі де бар. Іздеу барысында қазақ солдаты «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталғанын білдік», - дейді іздестіруші Макка Қаражанова.

Еске сала кетсек, наурыз айында Павлодарда өткен «Іздеу» халықаралық форум нәтижесінде Ресей, Эстония, Белорусь, Украина және Қазақстанның іздестіру жасақтары ортақ резолюцияны қабылдады. Құжат негізінде халықаралық ұйымдар бірлесіп еңбек етеді. Форум аясында бес ел өкілдері халықаралық іздестіру қоғамдық ұйымын құруға уағдаласты. Алдағы уақытта ТМД елдеріндегі отрядтардың арасы жақындап, ынтымақтастық көкжиегі кеңеймек. Бұл мысал – атқарылатын жұмыстардың бір парасы ғана.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер