BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 359 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.1 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

«Журналист болғым келеді» байқауының жеңімпаздары грантқа ие болды

Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай ұйымдастырылған «Журналист болғым келеді» эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Байқауды «Алматы» телеарнасы мен СДУ-дың ұйымдастырды.

Бірінші орынды астаналық Аружан Лесқали жеңіп алды. Екінші орын алматылық Никита Шамсутдиновқа бұйырды. Ал үшінші орын алматылық Ұлдана Амироваға берілді.

Байқау жеңімпазына СДУ-дың журналистика факультетінде тегін білім алу гранты берілді. Ал, бірінші және екінші орын иелеріне бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, іріктеу кезеніне өткен барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

«Ұсынылған материалдардың мазмұны мен құрылымына қарап, талапкерлер арасындағы журналист мамандығына деген қызығушылықтың өте жоғары деңгейде екенін аңғаруға болады. Барлық қатысушының озық ойлы және дарынды, мүдделері ортақ екендігін айырықша атап өткім келеді. Көбі әу-бастан әділдікке, гуманистік құндылыққа және қоғамдық ой қалыптастыруға ынтық екендігі көрініп тұр. Бізді түлектердің осындай қасиеттері қуантты. Бұл конкурс - Сулейман Демирел Университеті мен «Алматы» телеарнасының дуалды білім беру жүйесін дамытудағы алғашқы қадамы болып табылады. Қазіргі қоғам масс-медиа саласында бәсекеге қабілетті мамандарға аса зәру. Біз әрі қарай да осы мамандықтың мәртебесін көтеретін жобаларды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуге даярмыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта медиа-мамандықты игеретін студенттердің артуы мен журналистика саласына дарынды жастардың келуіне ықпал етеміз. Меніңше, біз осы сайыс арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар көрсете алдық деп ойлаймыз. Оларға шығармашылық табыс пен жеңіс тілейміз!» - деді «Алматы» телеарнасының Бас директоры Әлібек Әлденей.

«Ұсынылған жұмыстардың өте жоғары деңгейде болғанын байқадық. Біз журналистерге қолдау көрсетуді мақсат тұттық, байқау барысында біздің бағытымыздың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Өйткені, байқауға өте креативті жастардың эсселері ұсынылған. Қазіргі таңда біз жас талапкерге өз өмірін өзгертуге мүмкіндік береміз. Яғни жеңімпаз СДУ-да тегін білім алу грантына қол жеткізеді. Біз болашақта байқау қатысушыларымен міндетті түрде кездесетін боламыз. Өйткені өз мақсатын орындау жолында табанды еңбек еткен адам жеңіске жетпей қомайды. Бұл конкурс - Сүлейман Демирел Университеті мен «Алматы» телеарнасының дуалды білім беру жүйесін дамытудағы алғашқы қадамы болып табылады», - деді Сулейман Демирел Университетінің ректоры Қожахмет Қанат Темірғалыұлы.

«Журналист болғым келеді» атты республикалық эссе байқауы бір айдан астам уақыт бойы жүргізілді. Аталған конкурсқа 2018 жылы мектеп бітіруші қазақстандық түлектер қатысты. Эссе үш тілде қабылданды - қазақ, орыс, ағылшын тілінде. Сондай-ақ, қатысушыларға өз ойларын қара сөзбен және өлең жолдарымен жеткізуге мүмкіндік берілді. Қазылар алқасы туындылардың логикалық-танымдық мазмұны, әдеби-көркемдігі мен грамматикалық сауаттылығына баға берді. Жалпы, байқауға Қазақстан бойынша ұзын-ырғасы 348 үміткердің жұмысы келіп түсті. Оның 275 – қазақ тілінде, 69 – орыс тілінде, 4 – ағылшын тілінде жазылған.

Айта кетейік, «Оңтүстік Астана» телерадиокомпаниясы» АҚ мен Сүлейман Демирел Университеті «Алматы ТВ» телеарнасында ЖОО-ның 3-4 курстарына арналған Медиа Академияны құру туралы келісім жасады. Бұл «Алматы» телеарнасы мен СДУ-дың дуалды білім беру жүйесін дамытудағы алғашқы қадамы болып табылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер