USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Жемқорлықпен күресті сот жүйесінен бастау керек – профессор

Мемлекетіміз жүргізіп отырған сыртқы саясат республикамыздың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына оң ықпал еткені сөзсіз. Алайда, оң өзгерістерімен қатар, халықаралық қауымдастыққа ықпалдаса отырып, еліміз шешімін кейінге қалдыруға болмайтын күрделі мәселелермен бетпе-бет жүздесті. Осындай мәселелердің бірі – тек ел іргесінде ғана емес, әлемдік саяси және экономикалық жағдайға қауіп төндіріп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес. Әсіресе, құқық қорғау саласын бірінші жалмаған індетпен күресуді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдархан Сқақов сот жүйесінен бастау керек дейді.

Негізінен, коррупция – ұйымдасқан қылмыстың бір түрі. Сыбайласқан жемқорлықты парақорлық сынды ұқсас қылмыс түрінен ажырата білген жөн. Профессордың айтуынша, сыбайлас жемқорлық – аса ірі пайда табу мақсатында мемлекеттік қызмет өкілдері мен қылмыстық ортаның өзара сөз байласуы, «ауыз жаласуы».

Әдетте, жемқорлық індет ірі әлеуметтік апат, экономикалық дағдарыстар кезінде өрши түседі. Ондай кезде заңның күші әлсіреп, халықтың күні жекелеген шенеуніктердің шешіміне, көңіл күйіне тәуелді болады.

«Әлем елдерін жалмаған жаһандық дағдарыс жағдайында жемқорылпен күрес мәселесі аса үлкен маңызға ие болды. Артық өндіру дағдарысынан әртараптану процессі қарқындай түсті, яғни халық байлар мен кедейлер болып бөлініп, қоғамда әлеуметтік шиеленіс күшейді, салдарынан мемлекеттердің экономикалық ахуалы тұрақсыздыққа ұшырады. Әіресе мүліктік теңсіздік экономикалық дағдарыстың салдарын күшейтті және оның соңы неге алып келері белгісіз. Осынау жағдай елдегі жемқорлық деңгейінің өсуіне ықпал етері сөзсіз. Атап өтерлігі, сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекеттің экономикасын дамыту барысында да (Қытай, Үндістан және т.б.), артық өндіру дағдарысы кезінде де (мысалы, АҚШ, Еуроодақ елдері және т.б.) дами береді. Яғни, аталмыш әлеуметтік теріс құбылыс кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дәрежесіне қарамай-ақ тарала береді», - дейді Айдархан Сқақов.

Осы орайда профессор өзге мемлекеттермен тығыз қарым-қатынастағы Қазақстан Республикасының экономикалық әлеуеті сыбайлас жемқорлықтың қоғам өмірінің барлық салаларына таралып кету қаупімен бетпе-бет жүздесіп отыр дейді. Сол себепті еліміз жемқорлықты ұлттық қауіпсіздіктің басты қаупі екенін мойындап, осы бағыттағы іс-қимылдарын күшейтуге ден қойды.

«Мемлекеттік құқық қорғау органдарының қызметін жемқорлықтан тазарту жұмыстарын сәтті жүргізе отырып, Қазақстан үлкен түйткілге тап болды. Жұмыс нәтижесі мемлекеттік биліктің барлық құрылымы жемқорлыққа қаншалықты терең батып кеткенін көрсетті», - дейді профессор.

Сол себепті Қазақстан мемлекеттік органдардың қызметімен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ұлттық заңнаманы түбегейлі өзгертіп, жетілдіру ісіне баса назар аударды.

Профессордың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы ұлттық заңнама күрделі өзгерістер мен толықтыруды қажет етеді. Бұған дейін қабылданған нормативтік-құқықтық актілер Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде маңызды рөл атқарғаны шындық. Дегенмен, қазірде олардың тиімділігі төмендеп, елде жемқорлық фактілерінің өсуіне себепші болды. Сондай-ақ, Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерінде сыбайлас жемқорлықпен күресудің халықаралық тәжірибесі тиісті деңгейде қамтылмаған дейді заңгер. Сондықтан жоғарыда аталған жағдайлармен қатар, еліміздің әлемнің 30 озық мемлекеті тізіміне кіруге деген ұмтылысы бірқатар халықаралық құжаттарды қабылдап, оның ішінде 2003 жылы қабылданған жемқорлыққа қарсы БҰҰ Конвенциясын ратификациялауына түрткі болды.

Осы орайда, заңгер құқық қорғау органдары жүйесінде соттың мәртебесі мен құзіреті жоғары болғандықтан, жемқорлыпен күресті сот жүйесінен бастау қажет деп санайды.

«Сот органдары – еліміздің демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының негізі. Сол себепті олардың қызметіне деген талап та жоғары болуы керек. Сот адамды, оның өмірін, денсаулығы мен жекеменшігін, ар-ожданы мен басқа да құндылықтарын заңыз әрекеттерден қорғауы керек. Алайда, қазіргі уақытта халықтың сот жүйесіне алғысынан гөрі арызы басым. Әділ сот жүйесінде жемқорлық пен парақорлытың белең алуы халық арасында әлеуметтік шиеленіс пен құқықтық қарама-қайшылық тудыруда», - дейді Айдархан Бәйдекұлы.

Десе де, оның айтуынша, мемлекеттік билік иесі боп табылатын халық сот жүйесіндегі жемқорлықпен күрес әрекеттері мен оның оң нәтижесін көріп отыр. Бұл да болса, ел ішінегі әлеуметтік ахуалға оң ықал етуде. Оған қоса Қазақстанның жемқорлықпен күресте халықаралық беделі де артып келеді.

«Мәселен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Жоғарғы Соттың 6 мүшесі қызметінен босатылып, оның екеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл халыққа азаматтық парызын бұзған адамдарды жазалауда әрі жемқорлыққа төзбеуде Мемлекет басшысының берік ұстанымын көрсетті», - дейді профессор.

Қайткенмен, сот тарапынан құқықтық тәртіптің бұзылуын дәлелдейтін фактілер әділ сот жүйесін әлі де жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Осы тұрғыда заңгер өз тарапынан бірқатар ұсыныстар жасады.

«Біріншіден, судьялар корпусын жасырын дауыс беру арқылы тікелей сайлау жолымен қалыптастыру керек. Халыққа әділ қызмет етуді материалдық ынталадыру мақсатында қай деңгейлі сотта жұмыс істейтініне қарамастан судьяларға бірдей жалақы тағайындау қажет. Сот қызметкерінің жұмысын жекелей бағалау үшін оның сот саласындағы жұмыс өтіліне байланысты қосымша ақы тағайындау маңызды. Сот жүйесін әлеуметтік қамсыздандыру жергілікті атқарушы органдармен емес, ҚР Парламентімен қаржыландырылуы керек. Екіншіден, сот өндірісінің техникалық қамтылуына да көп көңіл бөлінуі тиіс. Бұл ретте, сотты техникалық қамту дегеніміз сот процесстерін on-line режимде көрсету үшін сот залдарына арнайы видеокамералар орнату дегенді білдіреді», - дейді заңгер.

Одан бөлек, соттың техникалық қамтылуы азаматтардың тұратын орнына қарамастан электрондық пошта арқылы сотқа жүгіну барысын да біршама жеңілдетер еді дейді профессор.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады