USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Жемқорлық – індет, онымен күрес – жалпыға міндет

Фото: egemen.kz

Қазір, әлемнің барлық елдері күресіп отырған күрделі қоғамдық мәселелердің бірі – жемқорлық. Бұл індет адамзатқа ертеден таныс. Талай заманнан бір елі қалыспай, қайта небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, мол қаражат, пайда бар жерге тамыр жайып отырған қауіпті кесел.

Лауазымды адамдардың пара беріп сатып алу, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипатталатын сыбайлас жемқорлық мемлекеттің беделіне кері әсер етіп, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, құқықтық мемлекет құру қағидаларын бұзады. Бұған қоса, әлеуеттің дамуына, саясиьэкономикасына зиян келтіреді. Ең өрескелі, үкіметтің даму бағдарламаларын жоққа шығарады. Сондықтан, бүгінгі күні қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы өзгертіп, қазақстандық патриотизм сезімін нығайту аса қажеттілік болып отыр. Коррупцияға қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі басқосулар, дөңгелек үстелдер мен жиындар өткізу парақорлықпен күрестің алғышарттарының бірі саналады.

Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы филиалының партиялық бақылау бойынша инспекторы Серік Көлбаевтың қатысуымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы қызметкерлерімен жиын өтті.

Сөз барысында, Серік Көлбаев: «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр азаматтың міндеті. Парақорлыққа қарсы күрес жауапкершілігі тек қана мемлекетке емес, әрбір жеке азаматқа жүктелетінін есте сақтауымыз қажет. Мемлекет пен қоғамның бірлігі және өзара сенімділігі ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді», - деді.

Сондай-ақ, статистикалық мәліметтер мен бірнеше мысалдарды алға тартты.

Сонымен, сыбайлас жемқорлық туралы ұғым бірінші рет 1979 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 34 отырысында қарастырылған екен. Ал біздің Президент Н.Ә.Назарбаев 1998 жылы 11 шілдеде республика азаматтарына жасаған үндеуінде: «Жемқорлық қоғамның барлық саласына, мемлекеттің конституциялық негізіне қатер төндіруде, сондықтан оған қарсы тұру – жалпыұлттық мақсат», - деген болатын. Өйткені, бұл нәрсе басқа дамушы елдер сияқты, біздің мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Деректерге сүйенсек, әлемде жемқорлық жайламаған мемлекет жоқ екен. Енді әлемдік көрсеткіштерге тоқталайық.

Жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік «Трансперенси Интернешнл» одағының таратқан мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша әлемде 150-ші орында екен. Ал, көрші мемлекеттерден Ресей – 145, Өзбекстан 175 орынға жайғасқан. Бұл көрсеткіш парақорлықпен күресті әлі де жетілдіруді қажет ететінін көрсетеді. Халықаралық заңгерлер берген баға бойынша, Қазақстан жемқорлыққа қарсы күресу үшін арнайы заң шығарған мемлекеттердің тізімінде. ТМД елдері ішінде тұңғыш «сыбайлас жемқорлықпен күрес» туралы Заң қабылдаған ел. Қазір республикамызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған тосқауыл қою үшін мамандырылған ұйымдар жұмыс істейді. Атап айтқанда, Президент жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясы, Мемлекеттік қызмет агенттігі, Жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттігі, Ішкі Істер министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті – міне, осының бәрі жемқорлықпен күресетін мекемелер. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсыруымен «Нұр Отан» партиясының барлық аумақтық және аймақтық филиалдарында жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер ашылған. Олар әр облыс, қала мен ауылда жемқорлық сипатқа кез келген фактілер мен көріністерге төзімсіздік жағдайын қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді.

Сонымен, елімізде жемқорлықпен күрес барынша ауқымда жүргізіліп жатыр екен. Алайда мұнымен жемқорлық неге азаймай отыр?!

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда жемқорлық жүйелі сипат алған. Сол себептен оны түбегейлі жою әзірге қиынға соғуда. Ел арасында, үлкен «жетістікке» тек пара беріп қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптасқан. Оған қоса, «ақымақ бара береді, ақылды пара береді» деген сөз бар. Бұл айтылғанның дәурені өтті десе де, әлі күнге иек артатындар жоқ емес. Ал жастардың басым бөлігі ондайларды заң бұзушылар ретінде көруден гөрі, керісінше, үлгі тұтуға бейім. Сондықтан парақорлықпен күресті әр отбасы, әр адам саналы түрде өзінен бастағаны абзал.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту мәселесі Елбасының жариялаған бес институционалдық реформаларын жүзеге асырудағы Ұлт жоспарында да орын алып, 13-қадамда нақтыланған. Осылайша, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек мемлекеттің ғана емес, барлық азаматтардың, қоғамның ортақ міндеті болып табылады.

Жалпы, жемқорлықпен күресу Қазақстанның жарқын болашағы үшін аса маңызды. Оның нәтижелі болуы көбінесе билік пен қоғамның күш-жігерін біріктірумен байланысты. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бұл іс, ең бастысы, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмылғанда ғана нәтижелі болмақ.

Айнаш Ерухан

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады