USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Youtube арқылы ақша табудың жолдарын білесіз бе?

Қазақстанда видеоблогинг күн санап қарқын алып келеді. Басында бұл тек ермек үшін жасалса, қазір оны қосымша табыс көзіне айналдырғандар да бар. ҚазАқпарат тілшісі сондай блогерлермен тілдесіп, жаңа «мамандықтың» қыр-сырын ашуға тырысып көрді.

Forbes журналы былтыр YouTube әлемінің ең табысты блогері швед азаматы Феликс Кьелльбер (PewDiePie) екенін анықтаған. Танымал ойындардың біріне видеогайд түсірумен айналысатын Феликс 40 миллион көрермен жинаған және 12 миллион доллар табыс тапты.

Танымал видеоxостинг арқылы қазақстандықтар да ақша таба алады. ҚазАқпарат тілшісінің ресми сауалына берген жауабында Google компаниясының баспасөз қызметі кез келген қазақстандық YouTube серіктесі атанып, өзінің YouTube арнасында монетизация жасай алады.

«Серіктес атану үшін арнаның баптауына кіріп, монетизацияны басса болғаны. Содан кейін «Авторларға арналған академия» қызметінің ресурстары мен ұсыныстарын қолдана отырып, арнаны дамытуға және оңтайландыруға күш салуға болады. Арна көрермендері ұлғайған сайын автор YouTube-тан жаңа мүмкіндіктер мен қолдаулар таба алады. Мысалы, 10 мың көрермен жинаған авторлар арнаны оңтайландыру мен одан әрі дамытуға қатысты YouTube маманынан тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болады», - деп жазады компанияның баспасөз қызметі.

YouTube қолданушының арнасын және видеосын жарнамалық блоктармен қамтамасыз етеді. Ақша видеоны көрген адам санына қарап емес, жарнама баннерлеріне кірген адам санына байланысты төленеді. Бірақ қазақстандық видеоблогерлер бұндай әдіспен көп табысқа кенеле алмайсың. Блогерлерге тікелей жарнама берушілер xабарласса, қомақты табыс табуға болады дейді.

Ілияс Абдулиннің жасы 24-те. Ол – «Реакция» атты қазақстандық YouTube-арнаның негізін қалаушы (https://www.youtube.com/user/IlyasAbdulin). Қазіргі уақытта оған 460 мыңға жуық адам жазылған. Оның интернет жобасы жастардың видеоxостингтағы жаңа трендтерге деген көзқарасын, реакциясын көрсетеді. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында Ілияс бұл салаға үш жыл бұрын келгенін, АҚШ-та оқып жүрген кезінде бастағанын айтты.

«Егер видеоблог жүргізу өзіңе ұнайтын болса, соншалықты әуреге салмайды. Ол көп уақыт алады деп айтпас едім. Бұл шығармашылық процесс және оған кеңседегі жұмыс секілді уақыт арнау қажет емес. Менің уақытым көп, бірақ жалпы шығармашылық процесс болғандықтан, жаңа видео, жаңа жоба туралы ой-толғау менде үздіксіз болады», - дейді Ільяс.

Оның айтуынша, видеоарна оның басты қаражат көзіне айналған. Бірақ ол YouTube ұсынған серіктестік бағдарламасынан емес, оған тікелей ұсыныспен келетін жарнама берушілерден көп пайда көретін көрінеді.

«Қазіргі уақытта бұл ТВ, билборд, газет пен журналға қарағанда, сапа мен баға тұрғысынан келгенде ең оңтайлы жарнамалардың бірі болып табылады», - дейді ол.

YouTube-арнасы 286 тұрақты көрермен жинаған танымал бьюти-видеоблогер Евгения Гейн (Jenya Geyn, https://www.instagram.com/jenyageyn) өзінің әріптесімен келісіп отыр. Женя Гейн өз арнасын төрт жылдан бері жүргізіп келеді. Негізінен саяxат пен сұлулық тақырыптарында видеоөнім түсіреді.

«Блог жүргізу оңай шаруа емес, видео дайындауға, түсірілімге және оны монтаждауға көп уақыт кетеді. Бұл - толыққанды жұмыс, өте күрделі процесс. Бұл қазір табыс әкелетін сүйікті xоббиге айналды. Арна көрермен жинаса, «ютюбер» арнадан әрбір көрген адам үшін ақша тауып отырады. Тек монетизацияны қосуы керек. Бұл функция қазақстандықтарға 2015 жылдан бастап қолжетімді болды. Ең алғашқы ақша, сіз 100 доллар жинаған кезде аударылады. Қосымша ұсыныстар поштаға күн сайын түседі. Қазір мен тікелей танымал брендтермен жұмыс жасаймын. Олар блогерлерге өздері xабарласады», - дейді Женя Гейн.

«Ютубтан ақша табуға мүмкіндік бар, бірақ көп емес. Ютубтың өзі ұсынып отырған жарнамадан кәсіп ретінде айналысатындай пайда түспейді. Мысалы, Қазақстандағы ең танымал ютуб каналдың бірі, көрермен саны 1 миллионға жақындап қалған «Саша Кэттің» өзі 400 $ таппауы мүмкін», - дейді 110 мыңға тарта көрермені бар «Жайдарман» арнасының әкімшісі Жанасыл Болатбек. (https://www.youtube.com/channel/UCPKHYUnHg3cQoy9tDc54C9A)

Оның айтуынша, басты кедергі - аудиторияның аздығы.

«Біз өнімді тек қазақ тілді ортаға, орыс тілінде болса, ТМД-ға ғана тарата аламыз. Басқа ортаны қызықтыру әзірге бізде тек санаулы клиптердің ғана қолынан келіп отыр», - деп атап өтті Ж.Болатбек.

Ютюбердің сөзінше, негізі ютубта жарнама жасаудың мүмкіндіктері өте көп. Тек жарнама берушілерге әзірге бұл сала қызық еместей көрінеді.

«Вблогинг дәуірі қазақ тілді ортаға әдеттегідей кешеуілдеп еніп келе жатыр. Бірақ жұмыс жасап жатқандар бар. Өкініштісі көп жобалар ұзаққа бармай тоқтап қалады. Мысалы, жақсы жұмыс жасап келе жатқан «artishow» каналына жаңа өнім салынбағалы 6 ай болыпты. Бір жыл бұрын құлшынысы, ізденісі жақсы еді. Көп жобалардың бұлай «өлуіне» қаралым санының аз болуы мен пайда әкелмеуі себеп. Көбі алғашқы қызығушылығы басылғасын қалып қояды. Кәсіп ретінде немесе хобби ретінде бірнеше жыл жалғастырып келе жатқандар өте сирек», - дейді ол.

Осыған қарамастан, отандық видеоблогерлер бұл сала қазақстандықтар үшін ашық және үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Оның үстіне ол тек ақшаға тіреліп отырған жоқ, көбісі оны өмір стилі деп көреді.

«Видеоблогерлер арасында бәсекелестік, қуанышымызға орай, жоқ. Бұл сегментте барлығына да орын жетеді. Мысалы, көлік сатып алатын болсаң, оған түбегейлі салыстыру жасап, әбден ойланып барып, таңдау жасайсың. Ал YouTube-тағы кез келген бейнероликті, кеткен уақытыңды есепке алмайтын болсақ, еш шығынсыз-ақ қарай бересің», - дейді Ілияс Абдулин.

«Біз блогерлермен тығыз араласамыз. Брендтер біз үшін ұйымдастырған шараларда бас қосып тұрамыз. Топ-блогерлер үшін ұйымдастырылған «тусовкаларда» брендтер, әдетте, ұшақ билеттерін, жататын орынды және қаламақыны өздері төлейді. Өте қызық. Біз өз арамызда жақсы жолдаспыз, бәсекелестік деген жоқ. Бір-бірімізді шабыттандырып, жігерлендіріп отырамыз», - деп жалғастырады Женя Гейн.

Өкінішке қарай, қазақстандық пайдаланушылар арасында Youtube қаншалықты танымал екендігін көрсететін нақты дерек Google компаниясында жоқ. Компания баспасөз қызметінің айтуынша, YouTube-қа минут сайын әлем бойынша 400 сағат видео-контент жүктеліп жатқанда, статистика жүргізу мүмкін емес.

«Өкінішке қарай, біз жеке мемлекеттер бойынша статистиканы жүргізбейміз, мәліметтер ауқымы өте үлкен. Табысқа келетін болсақ, әрбір серіктеспен жеке келісімшарт жасалады. Оның талаптары бойынша, ондай мәліметтерді жариялау тек влогердің құқығы бар. Жалпы статистика, өкінішке орай, жоқ», - деп xабарлады Google.

Ұқсас сілтемелер:
07 Желтоқсан 2016, 15:47
Алматыда алаяқ емші ұсталды
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады