USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

 Үш ағайындыны өлтіргендердің бірі өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Алматы облысының екі тұрғыны айуандықпен кісі өлтіргені сотта дәлелденді. Олардың бірі өмір бойына, екіншісі 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Baq.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот малшы үш жігітті өлтіру туралы іс бойынша үкім шығарды. Ағайындылардың мәйіттері биылғы жылдың қыркүйегінде табылған болатын.

Тергеу мәліметі бойынша сотталушы Талғат Сүлейменов пен Мұрат Оңалбаев ағайындыларды малын иелену үшін өлтірген. Қойшы Бағыт Байқасымов болған жайтты біле тұра, полицияға хабарламаған. Сол үшін ол да қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

informburo.kz порталының мәліметінше, сот Талғат Сүлейменовке өмір бойы бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесті, ал Мұрат Оңалбаев 25 жылға сотталды.

Бақыт Байқасымов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Прокурор үш ағайындыны өлтірген күдіктілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Естеріңізге салсақ, Талдықорған қаласына жақын маңдағы Көксу ауданының 3 тұрғыны Алматы жақтағы Ұзынағаш базарында мал сатамыз деп із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Кейінірек олардың денесі табылғаны хабарланды. Ведомстводағылардың айтуынша, марқұмдардың денесінде зорлық белгілер бар.

Полицейлер кісі өлтірді деген күдіктілерді ұстады. Олар Жамбыл ауданының екі тұрғыны. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу аяқталғанша, ұсталғандар екі айға – 24 қарашаға дейін қамауға алынды. Кейінірек Сағынтаев Алматы облысында өлтірілген ағайындылардың оқиғасына қатысты пікір білдіріп, сала министріне тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ, Мәжілісте де, Сенатта да қаза тапқан ағайындылардың оқиғасына қатысты мәселе көтерілді.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады