USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Ұлдарымыз «Юсуфпын» деп мақтанып, «Қамбарсың» деп кемсітетін болды

Соңғы жылдары Түркияда кино саласына ақша салатын кәсіпкерлер көбейді. Құйған қаржысының қайтарымы жаман болмайтынын жақсы түсінгендей. Істің көзін тауып, тілін түсінген адамға бұл да үлкен бизнес. Бауырлас елдегі кинокомпаниялар мен продюсерлік орталықтар бұны бизнес деп білгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Мақсаты – 78 миллион тұрғыны бар ішкі нарықты игеру ғана емес, телетауарларын сырт елдерге де экспорттау.

Мақсаттарына жетіп те жатқан сияқты. Оны өзіміздің арналардың мазмұнынан аңғаруға болады.

2002-2003 жж. Бразилия мен Аргентина сериалдары саябырсып, олардың орнын түрік сериалдары басты. Анна, Изабелла, Ракель деген есімдердің орнына Шехризат, Зейнеп, Бериван деп ат қою сәнге айналды. Ұлдарымыз «Юсуфпын» деп мақтанып, «Қамбарсың» деп кемсітетін болды.

Бұл мақтаныш емес әрине. Сериал сатып алу дәстүрі әлі үзілген жоқ. Ал, түрік ағайындар біз секілді сериалға «зәру» елдерге кино сатып, бұл саладан да кәсіптің көзін тапқандай. Мәселен, қазақ көрермендеріне жақсы таныс атақты «Сұлтан Сүлеймен» тарихи сериалы биыл 20 миллион доллар аса табыспен түрік телеиндустриясында рекорд жасап отыр. Кезінде еліміздегі телеарналардың бірінен көрсетілген «Көкжалдар мекені» (kurtlar vadisi) сериалы да қомақты қаржы тапқан тележобалардың бірі. 15 млн долларлық пайдамен «Сұлтан Сүлейманнен» кейін екінші орында.

Бұлардан да басқа продюсерлік орталықтардың қоржынын қампайтып, ел қазынасына тамшылап болса да қаржы құйып жатқан сериалдар баршылық. Кино өнер ғана емес, табыс һәм идеология екенін түсінген түрік үкіметі кино түсіреміз дегендерді демеп жүргеніне бірнеше жыл өтті.

2000 жылдардың басында Түркияда киностудиялар жабылып жүріп жылына бар-жоғы оншақты кино түсіреді екен. Кейіннен мемлекет қолдау көрсете бастаған соң 12 айда түсірілетін телеөнімнің саны 100-ден асқан. Барлығы сапалы демейміз, дегенмен, табыс әкеліп жатқаны, киноиндустрияны дамытуға үлес қосып жатқаны анық. Кез келген тақырыпты сериалға айналдыра салатын түрік кино мамандарының еңбегі арқасында кино туындылар елге келетін туристер санын 16-18 пайызға арттырған.

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі 2009-2012 жылдар аралығында әлемнің 76 еліне 40 мың 675 сағат сериал сатқаны туралы мәлімет жария етті. Алушылар Балқан түбегі және Азия, оның ішінде Орталық Азия елдері. Ең көп табыс әкелген сериалдардың қатарында Қазақстанға жақсы таныс «Асау жүрек», «Көкжалдар мекені» бар.

Шамамен 2010 жылдардан бастап түрік киногерлері Еуропа мен Америка елдерінің нарығына назар аударды. Біртіндеп көршілес Грекия, Ресей және тіпті Біріккен Араб Әмірліктерінен миллиондаған көрермен тартты. Бұл қызығушылық аталған елдерде «мерһаба», «насылсын», «тамам» «тешеккүрлер» сөздерін жаттаудан бастап түрік тілін үйренгісі келетіндер санын көбейтуге сеп болған. Грекияда, балқан елдерінде оншақты түрік тілі курстары ашылған. Ресейдің «Домашний тв» кабелдік телеарнасы түрік сериалдарына орын берген. Бұл елде көрерменге қатты ұнағаны соншалық, «Сұлтан Сүлеймен» сериалын аптасына 11 сағат бойы эфирге қойылған.

Дубайда шығатын «Gulf news» басылымы соңғы жиырма жылда БАӘ-іне Түркияның 60 млн долларға 100-ден аса сериал сатқанын жазыпты. Түркияны Африка елдеріне де жақындата түскен осы телетауар десек, қателеспейміз: Африканың солтүстігі мен оңтүстігіндегі елдерде 85 млн көрермені бар екен.

Яғни, сапасы мықты болсын, нашар болсын, түрік сериалдары ол елге айтарлықтай пайда әкелуде. 2008 жылы сериалдардан түсетін табысы 2 млн доллардан аспаған екен. 3-4 жыл ішінде кіріс көлемі 70 пайызға артқан. Аса қысқа уақыттың ішінде тез дамыған саланың бірі.

Тағы бір мәселе. Соңғы мәліметтер бойынша, түрік сериалдарының әлемде 400 миллионға тарта көрермені бар екен. Ол елдерден баратын демалушылардың көбі Ыстамбұлға табаны тие салып Сұлтан Сүлейменнің сарайы мен Хюремнің гаремін көруге асығады. Ол жерлерге кіру ақылы әрине.

«Deloitte Türkiye» зерттеу орталығы жариялаған мына ақпаратқа қараңыз. Түркияда сериалдардан түскен қаражат 2013 жылы 200 миллион долларға жетсе, 2015 жылы 350 млн болған. Түрік киногерлері 2023 жылға қарай сериал экспорттаудан түсетін пайданы 1 млрд долларға жеткіземіз деген меже қойып отыр. Жыл өткен сайын қандай қарқынмен дамып келе жатқанын көрсететін деректерге қарасақ, бұл әбден мүмкін нәрсе.

Қазақ Ордасының тарихынан көптеп сериалдар түсіру арқылы көшпенділердің тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүріне деген қызығушылықты арттыруға, сол арқылы Қазақстанға келетін туристер санын көбейтуге болады. Неге осы саланы дамытпасқа? Ал дамытамыз десек, түрік ағайынның тәжірибесі жақсы үлгі болар еді.

Егемен Қазақстан

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады