Түркістандағы құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз шығаратын зауыт қалай жұмыс істейді? - Қоғам|06 Тамыз 2018, 09:58
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Түркістандағы құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз шығаратын зауыт қалай жұмыс істейді?

Фото: Автор

Түркістан қаласының индустриалды аймағында салынып жатқан Golden Camel түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт шығару зауыты осы жаздың соңында іске қосылады. Дәлірегі, зауыт құрылысы 25 тамызға дейін аяқталып, 30 тамызда сынақ мерзімінде жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Министр бастаған жұмыс тобы Түркістан қаласында салынып жатқан зауыттың құрылысымен танысты. Құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз шығаратын зауыттың қандай екенін және ондағы өндіріс процессінің қалай жүретіні туралы Baq.kz аймақтағы тілшісі баяндайды.

Түркістан индустриалды аймағында орналасқан Golden Camel зауытының құрылысы өткен жылдың 15 қаңтарында басталған. Бүгінде сыртқы құрылыс жұмыстары аяқталып, құрал-жабдықтарын монтаждау жүріп жатыр. Қытай инвесторларының қаржысына салынған зауыт құны – 21 млн АҚШ долларына, яғни 7,5 млрд теңгеге жетеді.

Зауыттың 95 пайызына иелік ететін Golden Camel Group Ltd ЖШС-і 2016 жылдың 25 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы – ред.) тіркелген. Қалған 5 пайызы Қазақстан Республикасының меншігінде.

Барлық қажетті қаржы жеке инвестордын қалтасынан шығып отыр. Қазақстан үкіметі тарапынан, дәлірегі Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан жер беріліп, Қытайдан жеткізілетін құрал-жабдықтар салықтан босатылған.

Әуелі «түйе сүтін өңдеп, содан құрғақ сүт алады» деп көрсетілген зауыттың жобасы кеңейіп, бие сүтін де өңдеп, одан да құрғақ сүт алынады. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе және бие сүтін қабылдап, одан құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз дайындайды.

Зауыт директорының орынбасары Жазира Озатқызының айтуынша, мұнда шығарылған тауардың 95 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталады. Дайын тауар толықтай дерлік экспортқа шығатындықтан да өнім сапасына қойылар талап – қатаң, сапа стандарттары – жоғары. Сәйкесінше өндіріс процессі де бірнеше кезеңнен тұрады.

«Біз сүт қабылдау бекеттерінде фермалардан келген түйе сүтін тексеруден өткізіп, қабылдап аламыз. Содан кейін сүтті төрт градусқа дейін салқындатамыз. Сүт таситын көліктермен зауытқа жеткізіп, таразыға тартып, көлемін анықтаймыз. Сосын сүттегі қант, ақуыз, май құрамын анықтап, зауыт ғимаратының сырт жағынан тақала орнатылған үш 30 тонналық танкерлерге құямыз. Сол танкерде фильтрациядан, яғни сүзгіден өткіземіз. Сүзгіден шыққан сүт автоматты түрде пастеризаторға жіберіледі. Пастеризаторда 15 секунд ішінде 90 градусқа дейін қыздырылып, құрамындағы барлық зиянды бактериялар өлтіріледі. Пастеризация үш деңгейден тұрады. Бірақ, бұдан сүттің құрамындағы пайдалы элементтері жойылмайды. Ыстық сүтті қайтадан екі градусқа дейін салқындатамыз. Суытылған сүт құбырлар арқылы келесі ыдысқа өтеді. Сонда концентрация жасалып, қоюлатылады. Қоюлатылған сүт арнайы ыдысқа құйылып, жоғары қысымдағы сорғымен жетінші қабаттағы ыдысқа шығарылады. Сонда табиғи ауаны тартып, 180-200 градустағы желмен кептіреміз. Кептіріліп, құрғатылған сүтті қайта төмен түсіріп, арнайы құрылғыда тексеруден өткізіп, қаптама қораптарына құйып, дайын өнімге айналдырамыз. 15 тонна шикізаттан, мысалы түйе сүтінен 1 тонна құрғақ сүт алынады. Бие сүті де осы түйе сүті сияқты өңделеді», - деді Жазира Озатқызы.

Оның сөзінше, құрғақ түйе сүтін қайнаған суға езіп, шұбат күйінде қабылдайды. Бастапқыда дайын өнім Қытайға экспортталса, одан кейін Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспорттау жоспарда бар екен.

«Қазақстан нарығына аса қажет болмайтын шығар, өйткені бізде жаңа сауылған түйе сүті бар», - дейді Жазира Озатқызы.

Зауыт толық қуаттылығына жұмыс істеуі үшін тәулігіне 100 тонна сүт, яғни шикізат қажет екен. Дәл қазіргі таңда 50 шақты түйе шаруашылықтарымен сөйлесіп, 7-8 тоннадай түйе сүтін жинауға келісім жасалған. Алдағы уақытта көлемі ұлғаяды.

«Шикізатты жақын маңдағы аудандардан, дәлірегі Шиелі, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас және тағы басқа аудандардан аламыз. Қазіргі таңда шикізат жеткілікті. Біз біраз түйе шаруашылықтарымен сөйлесіп, келісімге де келіп жатырмыз. Алдағы уақытта келісімшартқа да отырамыз. Санақ жүргізе келе, ақырын-ақырын көбейтеміз», - дейді директор орынбасары.

Өйткені, зауыт бастапқыда сынақ мерзімінде жұмыс істейді. Сосын жыл соңында, дәлірегі желтоқсанда толықтай іске қосылады. Сол кезде компанияда 85 жұмыс орны ашылады.

«Оның 12-і Қытайдан келетін қажетті мамандар. Қалған 73 адамды жергілікті Түркістан қаласынан, Қазақстанның басқа да өңірлерінен қабылдаймыз. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 140 адам тартылған. Жоба бойынша, екі жыл уақыт берілген. Айтылған уақытта іске қосамыз», - деді зауыт басшылығы.

Жазира Озатқызының айтуынша, мұндай үлкен көлемде түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты алғаш бізде ашылғалы отыр. Қытайда бұған ұқсас зауыт бар, бірақ оның өнім қуаттылығы біздің зауыттан әлдеқайда аз екен.

Еске салсақ, Түркістанда тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдейтін зауыт салынатыны 2016 жылдың басында белгілі болды. Сол жылдың соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Golden Camel компаниясының құрылтайшысы Янг Цие мырзаны қабылдап, зауыт құрылысының жобасы пысықталды.

Зауыт құрылысы 2017 жылы қаңтарда басталғанынан кейін жыл соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында зауыт аумағына барды. Сол кезде нысан құрылысының 75 пайызы аяқталған болатын. Облыс басшысы мұндай зауыт ТМД елдерінде баламасы жоқ екенін айтып, бұл жобаның өңіріміз үшін маңызды екеніне тоқталған еді

«Түйе мен биенің сүтінен құрғақ өнім дайындайтын зауыттар облыс үшін өте тиімді. Өйткені өңірде түйе шаруашылығы дамитын болады. Сондай-ақ, жергілікті жұрт жұмыспен қамтылады. Бастысы, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Еске салсақ, Түркістан қаласының Бекзат шағынауданындағы индустриалды аймақта жобалық құны 11028,1 млн. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер